Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  105


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Құла айғырдың ерлігі

Хал-жағдайын шаруаның сұрай білгім
Келді де, сөздің басын былай бұрдым:
Үйірде жылқың қалай?
Десем, бауырым,
Берді айтып хикаясын құла айғырдың.
Айбарлы құла айғырға сенім байлап,
Жіберген отардағы тебінге айдап.
Түгендеп қайту үшін жылқы үйірін,
Шығыпты бір құр аттың терін майлап.
Жетіпті қысқы отарға төте жүріп,
Арқан бой күн шыққанда көтеріліп.
Қондырып кірпік, мұртқа ақ қырауын,
Ызғырық-дала итіндей кетеді «үріп».
Ақ қарды бұрқыратып желіспенен,
Түседі жылқы ізіне өрістеген.
Бір иен кең қойнауға барған екен,
Қоршалған бұдырмақты керішпенен.
Жүрісті ат санға қамшы салдырмаған,
Келеді тері қатып қарлы ызғардан.
Үйірі құла айғырдың қарауытады,
Жапанда қара қостай жалғыз қалған.
Емес-ті жетіп барса жусағаны,
Жылқыны суып тұрған бу шалады.
Үйірін ұршықтай қып үйіріп ап,
Мөлдір тер құла айғырдан суша ағады.
Құла айғыр сонша неге қызба тіпті,
Ұзақ таң шапқылаған із жатыпты.
Кежімдеп ақ сауытпен қойғандайын,
Үстіне бір елі боп мұз қатыпты.


Қызынған құла айғырдың күші, қаны,
Бар еді мама бие, қысырағы.
Он бір бас ірі қара ұйлыққанда,
Бір жерге қос орнындай қысылады.
Құла айғыр айнала оны шапқылаған,
Қар жатыр тұяғымен атқылаған.
Түсіпті дөп-дөңгелек бір күре жол,
Иленіп қара топырақ батпыраған.
Тигенде ата жауы алыстан кеп,
Азынап сес көрсетіп алысқан көп.
Дес бермей қасқырларға айбаттанып,
Құла айғыр көрінгендей арыстан боп.
Тұр екен анадайда қасқырлар да,
Бата алмай ұйымдыға қас қылғанға.
Көрген соң суыт келген атты адамды,
Жөнелді батпағандай бас бұрғанға.
Айқайлап қасқырларға қашқан шұбап,
Ұстадым құла айғырды бастан сылап.
Елжіреп маңдайынан сүйе бердім,
Көзімнен кетті деді жас тамшылап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу