Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  224


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Абайла, қызым

Жүзіңде жайнап, жаудырап тұрар жарасып,
Адамдағы қымбатты екі қарашық.
Арайым, менің қарашығымдай көзімнің,
Өмірге келіп жаңа атқан таңмен таласып.
Болса деп тілеп көңілді, батыл, тартымды,
Өссе деп едім, көрікті болып, ақылды.
Алғашқы таңның ырымдап аппақ арайын,
«Арай» деп қызым қойып ем сенің атыңды.
Уақыт неткен тез өткен деші қас-қағым,
Той жасап бүгін тың тірлік жолын бастадың.
Ашқан есігің, аттаған босағаң құт болып,
Аяулы қызым, ашық болса екен аспаның.
Жат жұрттық болып жаратылғасын ту баста,
Қимағаныммен амалым қайсы қимасқа.
Жақсы бол, қызым, өзіңнің өскен үйіңнен,
Келген үйіңнің салт-әдеті де бір басқа.
Бір басқа, қызым, абайла жеңіл қарама,
Үйлесу бірден салады салмақ санаңа.


Еркелігің де, еркіндігің де, еркің де,
Балалығың да қалады бәрі қалады, ә.
Енді үйің екеу, әкең де екеу, анаң да,
Екеуден өсіп өрбіген барлық адам да.
Есбол, Арайым сендер де екеу болдыңдар,
Тату болыңдар, бақытты болыңдар аманда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу