Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  78


Автор: Исраил Сапарбай

МАХАМБЕТШЕ

Көгенге көзi көнбеген,
Көкiрегiнде шамы сөнбеген,
Iрiден iзет көре алмай
Iрiген iшi шерменен,
Санасы самсоз жүрсе де
Санатқа, санға енбеген,
Асып бiр туған Ақынды
Қай кезде қайғы жеңбеген?..
Арғымақ асау баптаған,
Алдынан ешкiм кақпаған,
Арманның құсын әлпештеп,
Алланың iсiн жақтаған,
Алтынмен арын аптаған,
Ананың сүтiн ақтаған –
Асып бiр туған Ақынды
Қай кезде ажал таппаған?..
Жай ұстап туған жатырдан,
Ашынса – ашу шақырған,
Шалдуарларға шарт сынба,
Алдиярларға ақылман,
Бәндәуи мына тiрлiкке
Бәдәуи басын қатырған –
Залалсыз, зiлсiз Ақынға
Қай заман балын татырған?!
Ащыны татып ұшынған,
Тәттiнi танып тұшынған,
Ұяға тұқым түсiрiп,
Қияға тұйғын ұшырған,
Мiнәжат кешiп әр жұма
Тәржiма тартқан Мысырдан...
Байбатша көңiл Ақынға
Қай патша тағын ұсынған?
Елжiреп есiк ашпаған
Талайға тәңiр – тас қамал.
Шайырға зайыр кiмiң бар
Тағдырға талақ тастаған!
Түтiнi бiрге демесең,
Бiтiмi бөлек басқадан,
Қайраған тiсiн Ақынға
Қай надан итiн қоспаған?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу