Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  57


Автор: Исраил Сапарбай

НАЛА

Өлген соң ақындардың бәрi аяулы,
Үйрендiк тiрiсiнде аямауды.
Көбейiп бара жатыр көпес үйi,
Азайып бара жатыр Абай аулы.
Халық та, ұмытқандай хан да ақынды.
Күрсiнiп Күн батулы, таң да атулы.
Қайырсыз дүниеден қайран болмай
Қайтейiн, қабағыма қан қатулы.
Бұл заман кiмнiң соры, кiмнiң бағы?
Жаңылды жүрiсiнен дүлдүл-дағы.
Қайғы жеп, мұң жұтқан соң қайдан оңсын –
Барады уға айналып тiлдiң балы.
Ғайыпқа (өзi кетпей) сөзi жетпей,
Ақынның аласұрған кезi көп қой...
Өзi хан, өзi сұлтан, өзi бектей
Қор болдым ағайынға сөзiм өтпей.
Алда деп жұбатқанмен жүлдең әлi,
Алқызыл бояуынан гүл де оңады...
Аз күндiк аманыңда ауызға алмай,
Өлген соң өкiнгенiң кiмге дәрi?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу