Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  189


Автор: Кәрім Жұмағалиев

Арман - үміт

Арман деген Адамға бағдарлама,
Адамды жетектейді Арман ғана.
Арманның жетегінде жүрмейтұғын,
Үмітсіз адам болмас бұл жалғанда.
Арман, Үміт секілді егіз бала,
Арманы ұл, Үміті қыздай ғана.
Арман кетсе қиялдың жетегімен,
Үміт күтіп отырар босағада.
Арман, Үміт екеуі секілді егіз,
Арман жақсы көреді ойды семіз.
Сол семіз ой Арманды алып кетсе,
Үміт үйде отырар күтіп жеміс.
Адамды арман алға жетелейді,
Қиял қуып, шың асып кетед мейлі.
Адамды Үміт, сендірер отын жағып,
Шыдаған арманына жетед дейді.
Арман-сағым, адамды елестетіп,
Кейде қалып, кей кезде қуып жетіп.
Адамға жігер берер Арман ғана,
Үміт үйде отырар кеңес беріп.
Бұл дүниеде армансыз адам болмас,
Қиял қуып арманың болған жолдас.
Бір арманың ойға алған орындалса,
Тағы, тағы армандап көңіл тоймас.
Арман деп қояды екен ұлдың атын,
Үміт деп атап кеткен Қызды бәлкім.
Арманың орындалса қуанарсың,
Болмай қалса тартады көңіл салқын.
Жүрерсің Арманыңның жетегімен,
Дүниені жұтсам деп кесегімен.
Қанша аузыңды ашсаң да бола қоймас,
Аса алмассың Тағдырдың есебінен.
Арман қуған адамды ой торыған,
Дәметкені соншалық түс жорыған,
Арманына жете алмай көз жұмғанда,
ҮМІТ оты сөнеді ең соңынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу