Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  95


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Таусылмай дәм-тұзымыз

Мен де айтпаймын,
Ел білмесін,
Беу, Майра, алпыс жасқа келдің бе шын?!
Келгенің рас болса, Төлегенің
Осы өлең құттықтаған белгім десін.
Алпыс жас, қартайдың деп сендірмеспін,
Жалауы жастық шақтың желбіресін.
Оқыстан ертерек кеп қалмадың ба,
Орындап уақыттың желдірмесін?!
Жаныңды жараламай жалпы тілмен,
Ақ сөйлеп құттықтайын бар құтыңмен.
Тағдырға дауа бар ма,
Керек еді
Қарсы алу алпысыңды Сарқытыңмен!
Асуға көтерілдің айта қалсын,
Бөлек боп тау басында байқаларсың.
Тілеймін үш қайтара,
Мүмкін болса,
Жиырма бес тағы да бір қайталансын!
Көңіл жас – бәйшешектей жайқаларсың,
Жорғадай жолға түскен тайпаларсың.
Тәңірден үш қайтара тілеймін мен
Отыз бес тағы да кеп қайталансын.
Алда да той-думанға бөленерсің,
Жүз жасқа толып қана бөгелерсің.
Шыжығын бұл өмірдің өзің татып,
Қызығын бала-шағаң көре берсін!
Беймезгіл денсаулықты сұрыптасын,
Тірлікті тек Тәңірім ұмытпасын!
Тілеген ұзақ өмір, мол береке –
Төлеген дейтін момын сыныптасың.
Бар сырың басқа жаққа ұласпасын,
Бар жырың “Мың бір түндей” түн аспасын!
Тілеген балаларыңа бақытты шақ –
Төлеген дейтін жуас кластасың.
Адамға ауыр да сын, дауыл да сын,
Әрқалай әркім кезек қабылдасын.
Есіне анда-санда сен түсетін
Төлеген дейтін қоңыр ауылдасың.
Десек те бәрін нарық күн бұзады,
Қашанда бұлжымайды құрбы заңы.
Аусақ та “серпантиннен”,
Аман қалып,
Таусылмай дәм-тұзымыз жүрміз әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу