Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  151


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қаратайдың шешені

Түркістан Әлихановқа
Іс біткен соң айттың не,
сынаттың не?!
Оралса да әр қилы сұрақ тілге.
Бара қалып Өрелдің мектебіне,
Адамдарын таныдық бір-ақ күнде.
Шындық екен айтқаны түрліміз деп,
Біз қызықтық жақсысын білгіміз кеп.
Шеттерінен зиялы ұстаздардан
Ең алдымен үңілдік бірлік іздеп.
Бір көрмеге тәп-тәтті:
жақсы бәрі,
Жарыс өтті, үздіктер бақ сынады.
Зиялының мінезі кешке жетпей,
Бөтен мінез танытып жарысады.
Білімпаздар бөлініп топқа түрлі,
Біреуінен бірі өткен боп ақылды,
Оңашалап ананы,
мынаны айтып,
Менің шақша басымды көп қатырды.
Жігіттердің тірлігі,
нұсқасы өзге,
Келіншектер керемет ұста сөзге.
Олақтықпен алысқа ұзамайсың,
Шеберлікті шепке алып,
қысқасы, оз де.
Әділеттен басқасы деме қайда,
Шалғы тисе жайрайды көкорай да.
Жіпсіз буып бар топты отырғандай
Саясаттың ізі жоқ,
шебер айла.
Түке!
Жұртқа белгілі іскерлігің,
Қашан болсын жүретін іштен мығым.
Пайғамбардың жасына таянғанда
Саған арнап сырттан тон пішкен кімің?!
Нәпақасын тергенде тіс-таңдайдың,
Жеңе білген екен ғой мыстанды айбын.
Кімнің қолы – иесін бәрі сезген,
Ешкім айтпай, долбарлап, тұспалдаймын.
Ұжымдарың болса да озат, ірі,
Түке, саған тиеді-ау сөз ақыры.
Артықпын деп жүргендер бар-ау деймін,
Жетпесе де өзіне өз ақылы.
Түке!
Сенің қадірлі жеке басың,
Ауданды да басқарып кете аласың.
Сөздің өрті боп кетіп төңірегің,
Әрең өтіп жүрсің бе от арасын?!
Кететіндей біреуге есең бүгін,
Құтқармайтын ешкімді шешендігің.
Бір-ақ сөзбен қатырып мылжыңдарды,
Құм құюшы ең аузына кеселдінің.
Сөз білмеген жан болса,
сүйреуші едің,
Кер ауызды бүйендей түйреуші едің.
Сен екенін айтатын біреу бар ма
Бүгін соңғы тұяғы Жиреншенің?!
Келмесе де ешкімді жазым еткің,
Түсінгенге сөзің мен сазың – екпін.
Қонақтапты дәл қазір іздеп келіп
Қаз дауысты таңдайы Қазыбектің!
Қасқалдақтай әлпештеп құс асылды,
Шаршы топта шешен сөз іс асырды.
Қаратайда қазіргі шешен өзің
Рүстемнен туатын Мұса сынды!
Сөзбен берген мысқылдың көрінісін,
Мая – Бұтақ – Исаның өрімісің.
Ойлы сөзді түсінер құлақ керек,
Көз де керек сол сөзді көру үшін!
Танылар ма шешендік мөлшер күйсіз,
Тыңдатар ма тәрбие өлшемді үйсіз?!
Қолда барда алтынның қадірі жоқ,
Қадіріңді білмей жүр өңкей мисыз!
Ана тілін түсінген шынын ұғар,
Астарлы сөз: бірі – бұлт, бірі – мұнар.
Қара судай сапырған қазақ сөзін
Баламердің өзіңде жұғыны бар.
Домбыраны саусағың сызылтады,
Шоңмұрынға жиенсің –
қыз ұрпағы.
Бір тулақтың пұшпағын илеп жүріп,
Кімдер сені сыртыңнан қыжыртады?!
Жалғыз өзің қос тілге жүйрік бірдей,
Тік тұрғанды бұрадың иліктірмей.
Сыртай күңкіл шығара бастаған ба,
Бүлікшіл боп кетпесін билік тимей?!
Қатар тұрса білім мен аты иненің,
Садақ иіп,
сөздерден сапы иледің.
Түке! Қазір Самайда дара тұрсың.
Сөзін ұстап Ешеке – Мәкиленің!
Сөз дегенің өрт болса,
алау кетер,
Тыншымайды жүйкем мен санам бекер.
Бірге қызмет атқарған әріптестен
Дәл Өрелде ешкім жоқ саған жетер.
Жөнді сөздің қылшығы үйітіледі,
Жынды сөздің қырсығы шикіл еді.
Атам – Қазақ қалдырған даналық бар:
“Көшеді де керуен, ит үреді”.
Әріптестің қашанда күйін аңғар,
Түсінеді сөзіңді миы барлар.
Маңайыңа топталып жиналады
Тәңіріге имандай ұйығандар.
Берекеге бірігіп топтасады,
Қызғаныштың болмай қап жоққа сәні.
Ақыл айтып алдыңды орамайын
Жас баладай...
...жас бала от басады!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу