Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  70


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Сахариев Баламер ағаға

Өзен жағалап, өзегім талып,
Алдымды орап ақ сағым мұнар.
Ар жағын қалай сеземін танып,
Жұмбаққа жұрттың аңсары құмар?!
Көз жетер жерден Баламер аға
Сәл қоңыр үні құлаққа жетті.
Қайта құрылып қала мен дала:
“Туды ма, Төлеш, сұрақ қажетті?!”
Ауыздан сөзді айта алмай қалдым,
Ұшты да күйлі жоғалып елес.
Ішінде жүріп бал таңдайлардың,
“Қайта құру, – дейтін, – жаңалық емес”.
Құрылып қайта жатыр-ау жалған,
Еліріп тұр-ау ереуіл аттар.
Құтылса деген тоқыраулардан
Тілек пен ниет келеді қаптал.
Қаптаған сұрақ жауабын күтіп,
Білсең де дұрыс айта білу бар,
Домалақ арыз, жаланы түтіп,
Жариялылық пен қайта құрулар.
Үзілдің ерте, Баламер аға,
Айтулы сыншы – мүбәрак ерім.
Қарамай қазір бәле-жалаға,
Қысылмай еркін сынар-ақ едің!
Теңселіп жатыр Бұқтырма тасып,
Жонданған өркеш, толқындар асау.
Тыныштық күймен күлкі матасып,
Тылсым табиғатпен жарқыра жасау.
Дәл он жыл өтті, сағындым, аға!
Әңгіме шертіп көсілуші едің.
Айналып кетіп әнің мұраға,
Тарихта қалдың есімің сенің.
Өзен жағалап, өзегім талып,
Өкініш күймен тамсанып кенен,
Өркендер ме екен кезеңің танып,
Өткір сын керек, жар салып келем?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу