Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  1040


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қоңыр үнің құлақта сазген екпін

Мұхтар Әуезовке
Күзде келіп, өмірден жазда кеттің,
Алпыс төрт жыл жасадың, аз демекпін...
Дауылпаздай өр еді шешендігің,
Қоңыр үнің құлақта сазген екпін.
Тағдыр қоймай, қазаққа керексең де,
Тартылыс күш өрісі ерек сенде.
Диқан қолың ғажайып құнарлы еді,
Шыға келер құлпырып нені ексең де.
Адам жанын зерледің нәзіктікпен,
Туындылар солай дер жазып біткен...
Тұлпардайын бір тері алынбаған
Шабатындай көсіле жазықтықпен.
Кемеңгердің өмірін таса деме,
Танысамыз мұрамен аша келе...
Пайғамбардай халқыңа боп аттандың
Пайғамбардың жасынан аса бере.
Шаң көмілер пікірлер қара дүрсін,
Айтылуда жүректен ақ, әділ сын...
Прозаның Бас абыз ақынысың,
Драмада тағы да Баһадүрсің!!!
Ғылымның да самғаған талмас құсы,
Қара қылды қақ жарған алмас кісі.
Лекцияңа шәкірттер қаптаушы еді,
Қазірде де Бас ұстаз – ең бастысы.
Сом бейнесі әнеки, көрінді асқақ,
Кейінгі ұрпақ даңғыл қып жолыңды ашпақ...
Келешегін қазақтың көтеруге
Бара жатыр алыптар тобын бастап.
Тумысынан тегінде асылдық бар,
Бас шұлғытқан әлемді басымдықтар...
Мың жылдықты өлшеуіш етпеу керек,
Миллион жылға ұласар ғасыр – Мұхтар!
Тумысынан біте өскен кемелдік бар,
Асыл ойды зиялы ел кенен құптар...
Қазақ көркем ойының жиынтығы –
Таудай биік, теңіздей терең Мұхтар!
Тумысынан бойында жаңалық бар,
Абыз тектес ақылман ағалық бар...
Ғасырларды ғасырмен жалғастырған
Адамзаттың ортағы – дана Мұхтар!
Көзтаразы: асқар тауым – Мұхтар,
Сөз де рас, дастарханым – Мұхтар.
Қасиетін әлемге ашқан ұлтымның
Саз бен назы, бас қалқаным – Мұхтар.
Данышпаннан танысқаным – Мұхтар,
Ғарыштардан ары ұшқаным – Мұхтар.
Адамзатты сиқыр сөзбен баурап ап,
Ағыстардан табысқан үн – Мұхтар,
Көп сүйсінген көнем аты – Мұхтар,
Шөп исінген өлең аты – Мұхтар.
Кешегіден Бүгін озып Ертеңге,
Өткір сүйген азаматым – Мұхтар.
Мыңды ұйытқан кемеңгерім – Мұхтар,
Тұңғиықтан тереңдерім – Мұхтар.
Жаралғандай биігінен Әлемнің,
Ылғи ұтқан, кенелгенім – Мұхтар.
Үнің құлаққа жағымды,
Тілің ұнатқан ағынды.
Сөзің алыстан тереңдер,
Өзің – данышпан, кемеңгер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу