Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  127


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Қара кофе, қап-қара кофе қайнаттым...

Қара кофе, қап-қара кофе қайнаттым,
Бір әдемі – Айы толған қаймақ түн.
Алыстан ән... жатыр екен тойлап кім?!
Менде жазу – жазса нүкте қоймақпын.
Қара кофе, қап-қара кофе қайнаттым,
Төрт құбыламды жайлап бақыт, жайлап мұң.
О, ақ қағаз, саған сыйып бар әлем,
Жер мен көкке қалам қылыш ойнаттым.
Қара кофе, тым қап-қара, татымды,
Жыр отпаны, жанартаудай атылды.
Ата мекен – дәтке қуат, алданыш,
А-на-ау мекен, астапыралла-ай, аһ ұрды.
Тамыры қайда... жапырақ мұнда, өркенмін,
Күз жамылар, уа, топырақ көрпеңмін.
Таңның алды, әннің ауылы көрінді-ау,
Қара кофе сұп-суық, ал мен – өртендім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу