Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  65


Автор: Қанипа Жапанқызы

Сауға

(Қазақстанға іссапармен барғанда)
Көпір болып екі елдегі жанасым,
Тілдестірді тау-өзенін, даласын.
Армысыңдар ару қала, гүл қала,
Алматылық ағайын-жұрт алашым.
Туысқандық, достық айдын әлемнен,
Тумысымда қуат, шырын бар емген.
Қазақстан - тәуелсіз ел ордаңа,
Келдім іздеп бауырмалдық сәлеммен.
Қанша ұзақ тоғыса алмай кешті күн,
Туысқандар екі елде де қош бүгін.
Арта берсін ұзақтардан-ұзаққа,
Қазақ елі жұңхуаменен достығың
Айтар кезде ақтарылмау өзі-ақ мұң,
Орай келіп ортаңызда сөз аппын.
Бір қызы мен алтын алқа Алтайдың,
Асқарында туып-өскен қазақпын.


Бұл даланың төсі кешкен тарихтың,
Елдігіне, ерлігіне қанықпын.
Әбу Насыр әл-Фараби әлемге,
Сыр бойының салтанатын танытты.
Көкшетаудың мекен етіп бауырын,
Жатыр ұйықтап Абылай хан дәу ұлың.
Ойлап бәлкім өз ісінің жалғасы,
Қазағының егемендік дәуірін.
Ел мақтаны Абайдайын алыпты,
Дана Мұхтар дүниеге танытты.
Сол дүние Абайменен ұғынды,
Қазақ дейтін қасиетті халықты.
Ақ табанда ел аруақ боп қалған жер,
Ер еңіреп «елім-айға» салған жер.
Қызғыштайын тау-даласын қорыған,
Батырлардың қаны судай аққан жер.
Иесі боп игілігін көре алмай,
Ана жұрттың бауыры оттай жанған жер.
Ел есінде, жер төсінде айғыздап,
Отарлықтың ен-таңбасы қалған жер.
Алыстағы арман алау жеткізбей,
Көз көгеріп, көңіл суып талған бел.
Соның бәрі бір күнгідей білінбей,
Аңсап келген жетті бүгін арманға ел.
Құрметіне ел таңбаңның туыңның,


Білдірейін жүрегімнен жуық үн.
Шын тілегім кең жайылып керегең,
Шайқалмасын шаңырағың, уығың.
Қауашақты көктеміңді көрейін,
Болашақтық мектебіңді көрейін.


Озық ғылым сарайларын серуендеп,
Көкірегіме гүл ұрығын себейін.
Асқар асқақ Алатауды көрейін,
Ару қала Алматыны көрейін.
Желпіндірген жер ұйығын еске алып,
Күндерімді сағынышқа бөлейін.
Кездесейін ұстаздармен өзімдей,
Алтынсарин Ыбырайдың көзіндей,
Сөз тыңдайын Мұхтар шыққан мінбеден,
Абай ата ғақылия сөзіндей.
Тыңдайыншы ақындарды селдеген,
Ілиястай серпінді жыр сермеген.
Қасым менен Мұқағали жырындай,
Көзіңнен жас, көңілден мұң тербеген.
Екі елде де сағынысқан аз ба күн,
Енді тағдыр ондай күнге жазбағын.
Бәрін тыңдап, бәрін көргім келеді,
Сарыарқаны, Отырардың саздарын.
Елім жайлы айтсам тағы бір лебіз,
Татулықпен нық көмілген іргеміз.
Бағыбан деп халық берген атым бар,
Мені оқыту ошағынан іздеңіз.
Сол ошақта адамзаттық білімнен,
Сөйлеп келем қасиетті ана тіліммен.
Ата заңым, салт-санамның қорғаны,
Ризамын терезем тең күніммен.
Тянь-шан, Көкшетаулардағы қос мықты,
Тік көтерген ғасырлардан достықты.
Сағынысқан көңілдерді шалқытып,
Толтырайық достық жырмен бостықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу