Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  54


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ЕМЕС ЕМ СЕРІЛІКТЕН МЕН ДЕ КЕНДЕ

Емес ем серіліктен мен де кенде,
Бар еді онда костюм,
Менде жейде.
Шығушы ек екеу ара кезек киіп,
Тұлпарын махаббаттың ерлегенде.
Ауылдан жарты жармақ алмағанда,
Несие берер ешкім қалмағанда,
Бір жапырақ нан болса бөліп жесіп,
Киноның билетіне жалғағанда...
Сыртың сұлу...
Тұрғанда ұлып ішің,
Қызға барған жігіттің күні құрсын!
Жабырқап жатақ жаққа қайттық талай,
Қолыңа қонақтамай сұлу құсың...
Сар сағым сусып ұшып даламдағы,
Сан көктем көз жауын ап алаулады.
Сендей дос маған қайта табылмады,
Арулар сондағыдай санаулы әлі.
Жасындай жарқылдаған жайдан қалған,
Өткен күн қайта оралсын қайдан маған!
Қыздарға үш тиындық су әперіп,
Басында Көктөбенің сайрандаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу