Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  69


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ӨМІРДЕ МЫНАУ КӨП ТЕГІ...

Өмірде мынау көп тегі,
Ғашықтар төзіп,
Шыдар сын.
Ауылдан ақын кеткелі,
Сағынып қалған шығарсың!
Жамылып түнгі жауынды,
Қыз күтіп сайда жүретін...
Сағындым мен де ауылды,
Шәуілдеп иттер үретін!
Құшар-ау бізді талай бақ,
Жылдардың күтіп кезегін...
Жүрсің бе жонда қарайлап,
Терісіп әжем тезегін!
Бақытты жұртпен бөлісіп,
Алсақ та қайғы мына біз.
Тағдырмен тайдай тебісіп,
Ақындар жерге туамыз!
Сондықтан шығар мұң жайлы,
Оқысақ өлең бәріміз.
Жырымды жылап тыңдайды,
Алданып қалған кәрі қыз...
Ондайда...
Жанды жібіткен,
Жүректе арман жүз жанып,
Елдегі бойдақ жігіттен,
Отырам сені қызғанып!
Арайлап таңы ататын,
Ол жақта қазір түн шығар...
Қыздарын аңдып жататын,
Ұйқысыз әжей тың шығар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу