06.09.2022
  79


Автор: Әуезхан Қодар

МАЖАР ДӘПТЕРІНЕН

I
Атилланың жортқан жері осы ма?
Будапешттің түстік келіп қосына.
Қонысымыз арал екен жасанды,
Ресторанның аты болса "Косма".
Ғүндарды да дейді-ау біреу есірік,
Бұл қалаға түк тимепті кесірі.
Көшесінде жарнамалар от шашып,
Ұрымдықтар болмысын түр өсіріп.
Мұнда тарих серігіңдей, досыңдай.
Екі жаққа танытады қос ыңғай.
Шығысқа да, Батысқа да жігі жоқ,
Мен көрмеппін бейбіт қала осындай.
Зәулім үй аз мұнда аспан тіреген,
Мажарларың момындықпен ірі екен.
Көкшіл көзді, сары түсті, келбетті,
Ғұнн үрпағы, өзгерседе, тірі екен.
Қазіргі шақ мұнда қонақ, жәй кісі.
Дегенменен оның да жоқ қайғысы.
Бардан шықса, тұр жарқырап "Пежосы",
Көше бойы көрмейсін бір байғұсын.
Әрбір көше дүкен тосқан шатырлы,
Шараптар тұр Сізден тілеп батырлық.
Тағамдар тұр, жеміс-жидек молынан,
Көзең болса бағасына татырлық.
Ақша деген байбатшаға сақшы көп,
Алар заттың керектісін тапшы дөп.
Тіл қата алмай сатушыға тұрмыз біз,
Қаржы түгіл, сөз қорымыз тапшы боп.
Бар пұлыңмен, не қылса, да ойдымда.
Кәне, тағы артық жұмсап қойдың ба?
Құны бөлек мұнда, бақсам, бәрінің –
Ақшаның да, тауардың да, ойдың да.
Құны бөлек – еңселі де, тұяқты.
Біздің жақта қымбатшылык ұятты.
Арзаншылық сүйгеніміз соншалық,
Өз бағамыз арзандаған сияқты.
Қымбатың да арзандайды жебеусіз,
Баға мәнін жоғалтады теңеусіз.
Орыс тілі, арқыраған біздегі,
Мұнда жәй бір канден иттей, елеусіз.
Бұл мажарлар қашса-дағы зілінен,
Айнымапты дегдар ғұндық ділінен.
Әлем көнген ағылшынға бас бұрмай,
Достас екен көрші неміс тілімен.
Болмасын деп жымиғаным құр жарық,
Мажарларға махаббатым бүр жарып.
Тұманбайша бәрін тізіп айтқанда,
Өзіме бір жилет алдым былғары.
Бюджеттері толмаса да дәл бұдан,
Бұл "ерлігім" ырым еді қаңғыған.
Жүрегімді бір жылытқан ел екен,
Күшейейін мен алумен әл бұдан...
Енді, міне, қолымда тұр билетім.
Ұшақ дайын, асықпайды үйге кім?
Сақта мені зіл-заладан, тіл-көзден.
Мажарлардың көбе сынды жилеті.
II
Шаман келсе, есеңді еш жегізбе.
Хевиз бардық дегендей бір "Демесін".
Тәнім менің риза болды Хевизге,
Тән риза да жан байғұсың не десін.
Хевиз деген хауіз екен суы ыстық.
Суы түгіл, жып-жылы тас едені.
Түсінгенім, ең ғажайып туыстық 
Туыстығы шипа су мен дененің.
Тән күйттеген қанша адамдар жүр мұнда  
Немісі бар, ағылшыны, қытайы.
Мұнда дене қадірсіздеу жұртымда
Суда жүзіп еркелеуде ұдайы.
Тоғай қалай ағаштары самғаған,
Шыршасы бар, қарағайы, терегі.
Мұнда ұштасқан сан атырап, сан ғалам,
Әр дәстүрден ұсынумен дерегін.
Мұнда ешкім жоғары емес, кіші емес 
Таршылық жоқ, қайда барсаң, бәрі кең.
Жұмақ деген ертегі емес, түс емес,
Жоқ дегенмен, Хевиз жақта бар екен.
Тән мен жанның бір емесі бос былық,
Күре тамыр іс жүзінде күдерлі.
Зәмзә менен Хевиз суы қосылып,
Мұнлы ақынды бақытты ғып жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу