Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  90


Автор: Әуезхан Қодар

Аздап Мағжанша

Кісікиік, кентаврмын, жат маған
Бар ойларың адам үшін сақтаған.
Асқан тұлға, арыстанмын, ойнақтап,
Тым пендеуи мақсаттардан аттаған.
Керек емес кеңселерің, тар маған
Кабинетің нән көтенге арнаған.
Мен омалып отыруға келмегем
Бұл дүниеге шексіздікке самғаған.
Жатқыза алмас жылы қойын, төсекке,
Мені ғарыш кезбесі деп есепте.
Әйел – зындан, мен зынданға көнбеймін,
Борандардан ық жөнділеу десек те.
Қоғам - әйел, мың құбылған құрығы,
Сол құрыққа түссең егер, құрыдың.
Бұзып-жарып көп қабатты үйлерді,
Сеуіп кетем еркіндіктің ұрығын.
Адам да емес, аңда емес, болмыспын.
Болмысы бар тектілерге қол қыстым.
Мен ұшқыннан жаралғанмын ежелгі,
Тұтастықтың бейнесіндей сол ұшқын.
Ей, адамдар, тым адами ұсқындар,
Газет қылып, сандырақты құстыңдар.
Бас көтеріп қарасаңшы, жан-жағың
Әуелеген таңғажайып ұшқындар.
Бірі кітап, бірі аспап ұстаған,
Бірі ұяң, екіншісі сұсты адам.
Жиырмасыншы ғасырың тұр, шоқ гүлдей,
Шешек атқан Ницше сынды ұстадан.
Мешітке оны тыға алмайды құдайың,
Оған тексіз ығайың мен сығайың.
Жыныс пен жын кентаврдай бірлесіп,
Көбеюдің қарасуда ыңғайын.
Жиырма бірің камикадзе боп шықты,
Бұл ғасырға қоя берме көпшікті.
Соқыр, саңырау, аяғы жоқ, қолы жоқ,
Тумай жатып, талай жанды өксітті.
Келесі ұшқын оны тесіп өтеді,
Тек, әйтеуір, таусылмасын өттегі.
Көп ұшқындар әуелейді, жамырап,
Сырға толы құшағы мен етегі.
Көп ұшқынның жымыңдасқан бірімін,
Заманымның енді айтар жырымын.
Егер де мен тірі болсам дүниеде,
Өлімтіктен жиіркенумен тірімін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу