Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  155


Автор: Жанат Әскербекқызы

Білге қағанның күлтегінді жоқтауы

- Ұмай-ана, өзіңсің сыйынарым,
Мен өмірден өзгеше күй ұғамын.
Дана ақылшы тұрғанда Тоныкөктей,
Халқымның білем сүттей ұйығанын.
Қағанаттың асырдық талай даңқын,
Тағыма да қызығып қарайды әркім.
Бір ошақтың үш бұты емес пе едік,.
Айрылғаның бірінен қалай халқым?!
Қырық жеті – батырдың қыршын жасы,
Ерлік жайын кеңесер шын сырласы.
Күлтегінді жоқтаған түркілердің,
Көмейінде тұншығып тұрсын жасы.
Қайратына сенімді артқан інім,
Сары далада бөрідей жортқан інім.
Өзің барда қаған ем құдіретті,
Құр сүлдерім қалғанда тақта бүгін.
Болған еді бір күнде түрік текті,
Қазығымды сұм ажал жұлып кетті.
Көңіліме көп күдік ұялатып,
Ошағымның бір бұты сынып кетті.
Көрер көзім көрместей қан жыладым,
Білгір білік білместей абдырадым.
Білге қаған атанған қыран едім,
Бір қанатым қайырылып, талды қарым.
Не болады тағдыры түркілердің,
Амандығын жерінің мың тілермін.
Өліп кетсем қайран жоқ.. тірі тұрсам,
Жағадан ап дұшпанын сілкілермін.
Жұбатады. Тоныкөк – дана бабам,
Жат ыдыстың таза асы маған арам.
Қорқынышты бір күдік жайлап алды,
Жүрегімді... ажалың жаралаған.
Еркіндігін еліңнің сақтаған ең,
Дұшпаныңнан жеңіліс таппаған ең.


Сен кеткелі сенімім тас-талқан боп,
Сүйретіліп шығамын таққа да әрең.
Сұрасаңдар бүгінде осы халім,
Ертеңді ойлап егілем, шошынамын.
Күлтегінің мезгілсіз ажал тапты,
Келеріңнен, елім-ай, шошынамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу