Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  107


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

МҰСЫЛМАН

«Қылтамақ».
Дәрігер дертті зерттеп, «танып» болды,
Кетері әкеміздің анық болды...
«Айтып келген ауру – бұл!»
Емделуден,
Бас тартты шал, үгіттеп көргеніммен.
Жылбысқы дерт тұсаулар адымыңды,
Бірте-бірте төсекке алып ұрды.
Жаныңды бұл жай қалай жүдетпейді,
Дым өтпейді-ау тамақтан, дым өтпейді...
Жан-жағыңнан байлаған жолды бекем,
Дәрменсіздік дегенің – қорлық екен.
Ащы өксікті ішімді тырналаған,
Басу үшін...
Әкемді тыңдап алам:
«Шүкір-шүкір, аз өмір сүргенім жоқ.
Мың айдың жүзін көрдім!
Бір де, балам.
Екіншіден, жазда емес, қыста... «келді»,
Құдайдың қарасқаны, бұл да, маған.
Атажұрттың бұйырды топырағы,
Ұзамай анау қырда нұрға оранам.
Жалғыз ем. Кіндігімнен үш ұл өрді,
(Сан ізді өшірмеп пе ед...
Құм бораған?).
Сендердің алдарыңда кетіп барам,
Аллаға енді не деп бұлдана алам?!»
Өз кебінін өзі ерте пішіп...
(Алла-ай),
Иманын да үйіртті күші барда.
Қамдатып соятын мал...
Бәрін-бәрін...
Кеткенше ақыл-естен жаңылмады.
Қоштасып дүниенің ісіменен,
Бақұлдасты үлкенмен, кішіменен.
Шал сабырлы. Көрген жан... қызығардай,
Тек ұзақ жатып қалды...
Үзіле алмай.
Кетер сәтте тыпыршып... болмап еді,
«Ясиннің» құдіретін сонда көрдім.
Сүреге ұйып, тыныс... дұрысталды,
Тыпыршыған аяқ-қол тынышталды.
Бір ғажайып нұр толып жанарына,
Жан-жағына аялай қарады да.
(Ғажап. Су да тамақтан өте қалды),
Сәлден кейін үзіліп кете барды...
...Адал құлын сүймесін Тәңір қалай,
Бақұл, әке!
Алдыңнан жарылқағай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу