Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  69


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚЫРЫҚТАҒЫ КҮБІР

Уақыттың тілі, шіркін, жалаңдайды, ә?
Көңілім көп нәрсеге алаңдай ма...
Қырықтың шықтым, міне, қырқасына,
Япыр-ау, мен бұзатын қамал қайда?
Сан арман күткенменен тағы да алдан,
Қарасаң, дүниенің бәрі жалған.
Біз деген — өткендердің көлеңкесі,
Алланың әмірімен сәл ұзарған.
Санамды уласа әбден дөкір молда,
Қарауға Жаратқанға бетім бар ма?!
Сүргенім — бұрынғыдан қалған өмір,
Атамнан қалған шапан секілді ол да...
Топ ұзап, керілдескен әлгінде тым...
Кей-кейде ұлғайтып ап жанның дертін.
Кетер күнді... үйіне шығарып сап,
Келер күнді күту ме — бар міндетің?!
Естірің үш-ақ сұрақ айналадан:
«Кіммін мен?
Қайдан келдім?
Қайда барам?»
...Қалың қорым мүлгиді жол шетінде,
Алланың аманатын айға ораған.
Бірін-бірі жеңе алмай Ақ — Қара түк,
Тағы бір күн барады шаққа батып.
...Маған тілін шығарып, күліп кетті,
Тұсымнан өтіп бара жатқан уақыт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу