Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  118


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЖЕЛТОҚСАН

Неменеге шошисыз, қаймана, сіз?
Әзелден бұл желтоқсан ай мазасыз...
Қайын жұртқа келгенде төрге озатын,
Ожарлау жігіт сынды ол... қайынағасыз.
Қызып алса есер де, әңгі де өзі,
Ештеңені көрмейді қанды көзі.
Осындайда жинаған беделінің
Бәрін төгіп алатын бар мінезі.
Ол ылғи да ағысқа қарсы ағады,
Алысуға күші кем болса-дағы.
— «Күш атасын танымас. Тәуекел!» — деп,
Еменнің жағасына қол салады.
Мұңаятын шығар-ау жырақ барып,
Жұртқа әйтеуір жатпайды сыр ақтарып.
...«Не шықса да тентектен шығады!» — деп,
Желтоқсанды күтеді бірақ халық.
Биыл оның пиғылы бөтен бе екен,
Екпіні «бетерден де бетер» ме екен?
Жел күшейе бастады, дауыл тұрып,
Ақтүтек боран соғып кетер ме екен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу