Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  85


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

САПАР

Әуелде мен өзіме сенем деп ем...
Алайда бас білмейді өлең деген.
Аулынан баяғының бір шығарды,
Салт мініп сол шіркінге жөнелген ем.
Құс үркіп, дүбірімнен жылан қашып,
Көзімде қараңғы мен нұр арбасып.
Қиқулап ел шетіне іліккенде,
Тұр екен айналаны тұман басып.
Кеп жеттім сәскеде ме, бесінде ме,
Тоқтатқан, ай, мынау ел көшін неге?
Жұрттың бәрі жынды су ішіп апты,
(Абай жазған әлгі аңыз есіңде ме?).
Жұрт көрсін, төрге озайық, өлеңім, ал,
Құймақұлақ мен ем ғой көнені ұғар.
...Алдында ас, жынды суы... өлеңі бар,
Қонақты елемейді-ей неге бұлар?!
... су құйған кәрлен кесе келдіңіз бе?
Тартайық (не амал бар енді бізде?...).
Қарасам, анау да ұлы, мынау да ұлы,
Кіл мықты тұратын ел көрдіңіз бе?!
Ай, дәурен, айхай дәурен, бұла дәурен,
Басыңнан өтпейтіндей мына дәурен.
Бірін-бірін жарыса мақтайтұғын,
Осы елде, сірә, өлгенше тұрам-ау мен.
Бас тартар түскен елдің ғұрпынан кім...
Әйтсе де басымды бір сілкіп алдым.
(Тұмшалап жан-жағыңды көрсетпейтін,
Ғажабы бар екен ғой бұл тұманның).
Алады бір бозбала зорға демін,
—Біз, — дейді, — заманында... болмақ ерің!
Мына тұман ашылса не болады-ей,
...Ай, бірақ, не шаруам бар онда менің?..
Сөз ағып... ел-жұрт үшін қам жегендей,
Содан соң тағы да той... ән дегендей.
... Ауылға қайтар уақыт болып қапты-ау,
Бізде де қатын-бала бар дегендей.
Бағзының елін көріп, ертеңі — күз...
Аяқталды бұл — сапар-ертегіміз.
...Өлеңім, көрмегейміз тертені біз.
Сеніммен өрге жүзіп бара жатқан,
Біз деген бақытты елдің желкеніміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу