Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  634


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН КӘРИМА ОРАЛОВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Армысың, арда қазақ, ұлтым-анам,
«Ақжол!» деп сыр сандықтың құлпын алам.
Тәуелсіз көк байрағын желбіреткен
Қалың ел, Қазақстан жұртым аман.
Туған ел, туған жерді ойға алғанда,
Әр қазақ қабырғасы сырқыраған.
Көзіңе ата-жұртың елестесін,
Даусымды естігенде шұрқыраған.
Сәлем ғып сағынышты жыр әкелдім
Даланың жусанындай бұрқыраған.
Сөзіме құлақ салып пейіліңмен,
Қандастарым, қарайсың мейіріммен.
Ақындарым келді деп аңқылдаған,
Ағайын, айналайын пейіліңнен.
Мәскеулік бауырларды көрген кезде
Бүйрегім бүлкілдейді-ау бүйірімнен.
Сарыарқа, Алтай, Атырау, Жетісу, Сырдың
Қабыл ал ақ сәлемін сүйінумен.
Ұлытау, Қаратау мен Көкше, Баян,
Бір сәлем Алатаудай биігімнен.
Мауқыңызды басқалы келіп тұрмыз,
Алыстау жүргеніңде үйіріңнен.
Түркінің рухы бар үніңде өктем,
Даланың перзенті едім жырын төккен.
Отыз алтыншы жылы Жамбыл бастап,
Москваның төрінде дүбірлеткен.
Солардың артындағы ұрпағы едік,
Алпыз сегіз жыл салып бүгін жеткен.
Тұрмасын азат күнде сана қашып,
Тағдыры қос халықтың маған ашық.
Өмірдің бұралаңы болғанымен,
Кек сақтаған жоқ едік табаласып.
Қазақ, Ресей – ежелден көрші елміз,
Жүрейік құдалардай араласып.
Інің емес, тел тұрған құрдасың бұл,
Мәскеу, саған кеп тұрмыз дара басып.
Ұлы едім арғымағын тұмарлаған,
Қызды ауылға жеткенше құмарланам.
Алғаш рет Мәскеуге келгенімде,
Болдың-ау сахнада сыңар маған.
Ал ендеше бастайын айтысуды,
Қыран құс қызыл көрсе тұра алмаған.
Жүзінен нұр, тілінен жыр төгілген.
Кәрима, есенбісің, сылаңдаған.
Тізгінін босатайын күреңімнің.
Жүрісін сен де үдет үлегіңнің.
Ақ көрпеде отырған хан қызындай
Ажары неткен ашық реңіңнің?!
Бүршігін жаңа жарған қыз-қайыңдай
Ақтығы көз тартады-ау білегіңнің.
Жанарымыз түйісіп кеткен сайын
Лүпілі жиілейді-ау жүрегімнің.
Ерніңді дірілдетіп сөз басташы,
Қып-қызыл күмбезіндей Кремльдің.
Кәрима:
Амандасу – сөз басы,
Алқалы топ, армысың.
Айтыс деп келген ағайын,
Ұғатын сөздің жарғысын.
Ақындар шықты алдыңа,
Тұрғызып сөзбен тау-мүсін.
Москвалық бауырлас,
Ел-жұртым, есен-саумысың?!
Қызы едік, ағайын,
Қызыр қонған текті елдің.
Москваның төрінде
Айтуды мұны бақ көрдім.
Оңтүстіктің елінен
Жолдауды сәлем сәт көрдім.
Түркістаннан киелі
Сіздерге сәлем ап келдім.
Айтыс деген, ағайын,
Бабадан қалған мұрағат.
Біржан – Сара айтысы –
Ұрпаққа жеткен аманат.
Сүйінбай менен Құлмамбет
Сөз қалдырған саралап.
Москваны жырлаған
Жамбылдан қалған дара бақ.
Сарқыты болып солардың,
Жас ақындар алдында
Көрсетсін өнер жаңалап.
Тәуелсіз ел боп, тасымыз
Жатыр өрге домалап.
Екі елдің бұл бірлігі,
Бұған да еттік қанағат.
Отбасыңызды, ағайын,
Қызыр жүрсін жағалап.
Төл өнерін қазақтың
Келіпсіздер бағалап.
Ықыласыңызға разымыз,
Айтыс деп келген жамағат.
Ал, Аманжол, армысың,
Дәмін көп татқан жеңістің.
Айтысамын деп сенімен,
Пойызбенен селкілдеп,
Жол жүріп келдім мен үш күн.
Аспандап маған қарамай,
Самолетпен сен ұштың.
Менен бұрын кеп алып.
Көшербаев ағаңмен
Білмеймін нені келістің.
Шыныңды айтшы, Мәскеуде
Менімен қалай көрістің?!
Бір ақын керек болған ғой
Керуеніне көктің де.
Шекарадан, Аманжол,
Әуелетіп өттің бе?
Ұшақпен ұштың сен өзің,
Мені тастап кеттің де.
Жарылыс деген бұл елдің
Білесің барын дерттің де.
Самолетің жарылмай,
Аман-есен жеттің бе?
Аманжол:
Халықпен сабақтасқан мұрат бағы,
Түркінің оғланы едім қыраттағы.
Ақын қызбен айтысқа шыққан кезде
Қылыштай жарқылдайын қынаптағы.
Ұлбике, Сараларға қонған өнер,
Кәрима, бір басыңа тұрақтады.
Дауысың неткен ғажап керім еді,
Періштенің үніндей жұмақтағы?!
Байқасаң, Мәскеудегі ағайын бек,
Ақын боп кәдесіне жарайын тек.
Әдейі ұшақпенен бұрын келдім,
Кәрима, сені күтіп алайын деп.
Қыз бен жігіт жолығысса, сыр шығады,
Аспанға айдан бұрын күн шығды.
Өзіңмен отарбамен бірге келсем,
Күлімдеп қарсы алдыңнан кім шығады?!
Кәрима, хан қызындай бағалы едің,
Қазығұрт етегінің маралы едің.
Мен болсам маңдайымнан еппен өпкен
Арқаның мамырдағы самалы едім.
«Самолетің жарылса не етер ең?» – деп,
Таптың-ау назданудың маған ебін.
Шымкент қызы тоқыған көк кілемді
Бүктеп ап аэропортқа барар едім.
Самұрық самолетке жайғасып ап,
Сұңқардай самғап қанат қағар едім.
Ұшақты жанкештілер жарам десе,
Тәуекел деп секіре салар едім.
Кілемшеге жақсылап жайғасып ап,
Төменге жұлдыздайын ағар едім.
Қызыл алаңға кілеммен қалқып қонып,
Бәрібір сені күтіп алар едім.
Кәрима, жадырашы, түнермегін,
Өлеңнің ұсынайын гүл өрнегін.
Москва өзенінде серуендетсем,
Маң-маң басып қайыққа мінер ме едің?
Останкино басына алып шықсам,
Биіктен тілеуіңді тілер ме едің?
Кешке қарай Мәскеудің көшесінде
Менімен қол ұстасып жүрер ме едің?
Осы айтқанның барлығын орындасам,
Өкпе-назды ұмытып, күлер ме едің?
«Аманжол, мырза жігіт екенсің» деп,
Қалқатай, қадірімді білер ме едің?
Кәрима:
Ұлытаудың ұланы,
Аманжол ақын дара ед.
Жаңаарқадай отаның
Еркелетер әлі бала деп.
Қарағандыда, Аманжол,
Қатайған сенің қанатың,
Білімің алған саналы ед.
Ал қазір Астанадасың,
Қызметің де бағалы ед.
Енді келіп сен мені
Отырсың-ау, Аманджол,
Мәскеуден күтіп алам деп.
Елші болып осы елге
Кетпесеңіз жарар ед.
Сөзге қостың, Аманжол,
Қазақы әдет-ғұрыпты.
Оңтүстіктің кілемін,
Қыр-сырын жақсы ұғыпты.
Ал қытайлық кілемге
Көңілі боп тұр күдікті.
Кілеміне мінсең қытайдың,
Көтере алмас мені деп,
Ақтай алмайды деп үмітті.
Самолеті жарылса,
Қазақы қол кілемге
Сапалы деп мініпті.
Сол кілемге мінсе егер,
Өлмейтінін біліпті.
Білмейтіні жердің астында
Көргем жоқ сендей жігітті.
Сеніміме өзімнің
Сай болармын, Аманжол.
Қыдыртамын деймісің,
Ойланармын, Аманжол.
Мәскеудің кешін келіп тұр
Пайдаланғың, Аманжол.
Қазақстанда қыдыртсаң,
Қайда қалдың, Аманжол?
Домбыра қолға алған соң,
Сөйлер сөзге өткірсің.
Жиырма бірінші ғасырға
Аманжол енді бет бұрсын.
Ұшағым кетсе жарылып,
Кілеммен ұшам деп тұрсың.
Қиялданып сен өзің,
Қай ғасырдан кеп тұрсың?
Аманжол:
Кәрима, шын сөзіңе бағынамын,
Көп көрмесем өзіңді сағынамын.
Толқынды Москваның өзенінде
Есілдің толқыны боп ағыламын.
Шымкенттің көк кілемі тұрған кезде
Қытайдың кілемшесін не қыламын?
Тәуелсіз ел ақыны біздей болсын,
Жақсы сөз артта қалар іздей болсын.
Айтысты Москваға алып келген,
Қырымбек, елші болса сіздей болсын.
Қайтпасын Қазақстан бек күшінен,
Жақсылар өрге басар текті ісімен.
Онсыз да әлемдегі барлық ақын
Бейбітшілік елшісі деп түсінем.
Сұлудың құзіреті жанар ма екен,
Көңілің айтқаныма толар ма екен?!
Киелі Қазығұрттың аққу құсы
Мәскеудің төріне кеп қонар ма екен?!
Қазақтың бар даласын аралатсам,
Мәскеуде қыдырғандай болар ма екен?!
Кәрима:
Арқасында айтыстың
Мәскеудің көрдік арайын.
Қуанып жатқан қазақтың
Және де көрдік маңайын.
Қыдыртам деген Аманжол,
Сөзіңді қабыл алайын.
Көрсін деп айтқан ниетін
Досым деп қабыл алайын.
Останкиноңа қарайын,
Мұнараңа да барайын.
Күнде келіп жатқам жоқ,
Бір қыдырып қалайын.
Ықыласыңа разымыз,
Мәскеудегі ағайын.
Москваның өзінде
Он мыңдай қазақ бар екен.
Қырымбектей ағамыз
Соларға бұл күн пана екен.
Ақсақалдардың басшысы,
Қайдар аға өзі іскер,
Өзі ұйымшыл жан екен.
Орталығы жастардың,
Атауы оның «Сана» екен.
Омардай ағам жазушы,
Он алты баланың әкесі,
Көп ішінде дара екен.
Тоғыз бала алған асырап,
Пейілі кең жан екен.
Ал Тұрсынай апамыз
Ақ жаулықты ана екен.
Жәнібектей ағамыз
Қоғамында «Қазақ тілінің»
Шын жанашыр жан екен.
Абылайханның тағы бар
Қауымдастығында қазақтың,
Жүк көтерер нары екен.
Мәскеудегі қазақтар,
Ауызбіршілік сіздерге
Атадан қалған заң екен.
Сүттей ұйып отырған,
Бір Алла өзі жар екен.
Алыста жүрсе қазағым,
Күнін кешпей қарғаның,
Көк байрақтағы белгідей,
Қыран құстай самғағын.
Ауылдан алыс кетсе де,
Ата дәстүрді жалғадың.
Отбасыңызда, ағайын,
Арайлап атсын таңдарың.
Оразаның айында
Нұры жаусын Алланың.
Сәкеннен қалған кешегі
Сұлулықты сақтаған.
Біржан салдан да кешегі
Серілікті де ап қалған.
Осы келбетін айнытпай,
Үйіңіздегі жарыңыз
Ақмарал қалай баптаған?!
Сізді көрсем, Аманжол,
Көркіңізге көз тоймай,
Жас баладай шаттанам.
Эрмитажда тұратын
Ескерткіш пе деп қалам.
Ақылыңа бірақ көркің сай,
Аталы сөзге тоқтаған.
Қазақтағы өзіңдей
Жігіттерменен мақтанам.
Аманжол:
Һауаның белгісі бар қолдарыңда,
Сараның әуені бар толғамыңда.
Кәрима, қыдыр десең қыдырайық,
Адаспай Россияның орманында.
Ақын қыз, бағаласаң затым берік,
Мәскеуге келіп жеттім атым желіп.
Ұлбикенің өнерін жалғастырған
Сен дағы ақын қыз ең затың берік.
Алыстан ескерткіштей қызықтамай,
Қолыңмен сипасайшы жақын келіп.
Жан емен төріңізге сынай келген,
Ақынмын адал жырын бұлай келген.
Оразаның айында ақ тілеумен
Аттандым Арқадағы ұмай белден.
Ежелден араласқан көршім едің,
Ресейдей құт қашпасын шырайлы елден.
Россияны басқарған ұлықтардан
Аманат тілегім бар сұрай келген.
Үмітім күдігімді жасырса екен,
Көршіге қарап көңіл тасынса екен.
Қазақ балаларына Мәскеудегі
Қазақша екі-үш мектеп ашылса екен.
Еділім жанға жақын бұлақ еді,
Ен тоғай екі жағы құрақ еді.
Кешегі Қазтуғандай асыл бабам
Кетерде өксіп-өксіп жылап еді.
Кең байтақ Россия бұл күндері
Миллиондаған қазақтың тұрағы еді.
Тілі, діні, дәстүрі жоғалмасын,
Ол оның тамыр, көзі, құлағы еді.
Қазақша газет-журнал, телеарна
Олардың шешілмеген сұрағы еді.
Осыған бір көмегін берсе екен
Путиндей ел басқарған қырағы ері.
Білеміз мақсатымыз бір екенін,
Бұл сөзді, Ресей, саған сыр етемін.
Жанарыңа ап шапанымның бір етегін,
Ресейде туған менің бауырларым
Өзінің біліп өссін кім екенін.
Кәрима:
Еңбегі сіңсе еліне,
Ел мақтанар ерменен.
Отанды қорғау жолында
Қаншама қазақ ерлеген.
Дұрыс айтты Аманжол,
Бір мектепті бер деген.
Ал қазақтың қыздары
Атағы көкке өрлеген.
Әлия мен Мәншүктер
Отан үшін жан беріп,
Соғыста кеше ерлеген.
Сәбира мен Ләззаттар –
Тәуелсіздіктің құрбаны,
Қыз да болса ер дер ем.
Сөзіңді қоштап өзіңнің,
Айтқаның мұның жөн дер ем.
Батырларын қазақтың
Ұмытпасын осы елдей,
Бір мектеп болса қазақша,
Әлия атын бер дер ем.
Қазақтың қайсар қыздары
Намысты қолдан бермеген.
Он бір ақын бір келіп,
Жол-жөнекей ән салып.
Жүрсек те үш күн, Аманжол,
Дей алмадық шаршадық.
Бірақ сен жоқ болған соң,
Даусыңды біздер аңсадық.
Бізден бұрын кеп алып,
Ақындарды сен шықтың
Әкімдер құсап қарсы алып.
Жүргеніңе де рахмет
Елшілікте біз үшін
Елші болып жар салып.
Ұлық болсаң қаншалық,
Кішік бол деген соншалық.
Тәкаппарлығың-ау бұл сенің,
Қарайтын қыздар тамсанып.
Тамсандырмай мені де,
Берсеңші бір ән салып.
Аманжол:
Мен жоталы жолбарыс ем,
Тырнақтарым батпасын.
Еліктей болып жолға шықтың,
Қауіптерден сақтасын.
Сарыарқадан келгеннен соң,
Жезкиіктей желейін.
Кәрима қыз сұраған соң,
Бір ән салып берейін.
Сен ағашта піскен алма,
Ептеп үзіп алайын.
Һауа қыздай күшпен арба,
Ауызыма салайын.
Дүбірлеген бұл өмірдің
Бар қадірін білейік.
Москваның көшесінде
Қол ұстасып жүрейік.
Москваға келгеннен соң,
Көңілің көктем, гүл болсын.
Барлық ақын самолетпен
Келетұғын күн болсын.
Кәрима:
Аманжол салған қазақтай
Болып тұр қазір ән басын.
Көзі қызып жұлмақ боп
Қазығұрттың алмасын.
Онегин болып Аманжол,
Әсем әнге салғасын.
Татьяналары орыстың
Ғашық болып қалмасын.
Аманжол:
Мәскеуде қанатымды жайып кетем,
Байқасам, Кәрима да байыпты екен.
Арнайы Москваға келгенімде
Татьяна ғашық болса айып па екен?!
Осынау бек шағымда тасып-толған
Кезім жоқ, Кәрима қыз, жасық болған.
Кешегі Сейфулланың Сәкеніне
Бір көріп Серебрякова ғашық болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу