Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  272


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЕРМЕК ЖҰМАТАЕВ АЙТЫСЫ

Аманжол:
Қолына домбырасын алды өренің,
Тілімнен сорғалатып бал беремін.
Мұрагер перзентімнің біреуі еді
Алашқа арнап айтқан арлы өлеңім.
Теңіз жырдың толқыны бір туласын
Тұлғасын теңселтетін нар кеменің.
Сәт келді жарқылдайтын екеумізге
Алдаспан қылышындай хан Кененің.
Армандап тәуелсіздік арда күнді,
Сары алтыннан сайладың балдағыңды.
Хан Кене, жүрегіңмен сүйіп өттің,
Қалың елің – қазағың, ардағыңды.
Ұлтымды бодандыққа бермеймін деп,
«Абылайлап» қоздырдың әруағыңды.
Оң жағыңа ертіп ап қол бастадың
Ағыбай, Наурызбайдай тарланыңды.
Шен таққан ақ патшаның өкілдерін
Көрмеуші ең қарқылдаған қарға құрлы.
Өз бауырың – қырғызың тор құрғанда,
Өкініп, шайнап едің бармағыңды.
Азаттықты аңсаған кемеңгерім,
Алыстан болжапсың-ау алдағыңды.
Бүгін, міне, тәуелсіз қазақ болдық,
Нұрағаң орындады арманыңды.
Бел буған тәуелсіздік жолға бекем,
Батырлар ел-жұртының қорғаны екен.
Күшіне ақылы сай Ағыбайдың
Иығына бақ құсы қонған екен.
Ағыбай қол бастаса, хан Кененің
Сапары сүйіншілі болған екен.
«Аты ұранға айналған Ақжолым», – деп,
Көңілі хан Кененің толған екен.
Он жыл бойы шайқасқан ақ патшамен,
Шынымен, бабаларым ордалы екен.
Ереке, аманбысың, кәрі студент,
Тоқыраудың тұсында бар студент.
Жиырмасыншы ғасырдан келе жатқан
Екі беті табақтай нар студент.
Ұлы едің Алатаудың арыс маңдай,
Қабырғаң, халқым десең, қайысқандай.
Апайтөс Сарыарқаның даласында
Тұмарлы екі тұлпар жарысқандай.
Тартымды айтыс болсын арамызда,
Ағыбай Бөлтірікпен сайысқандай.
Ермек:
Туған жоқ әңгімеңіз тың боп онша,
Жауап берем тұрмаса да сын боп онша.
Табақ бетті қайтесің әңгіме қып,
Бойымызда басқаша мін болмаса.
Қиналып жүр жұртымыз, кім де болса,
Миллионерге жатпайсыз сіз де онша.
Қиналғанда табақ бетті бір жалап қайт,
Майланып аузың жүрсін, тым болмаса.
Жатса екен қалың жұртым бағымды ашып,
Тағы бір жыр төгейін жалындатып.
Алдыңа жиі-жиі шыққаннан соң,
Ақын да қалады екен бауыр басып.
Киелі Жетісудың жеріненмін,
Жыр алыбы Жамбылдың еліненмін.
Балқашқа алғаш рет келіп едім,
Киелі Қызыр қонған төңірегім.
Ақжарқын пейіл көріп елден мынау,
Ауылынан шықпағандай сезінемін.
Аманбысың, Аманжол қарсыласым,
Аузын ашса көмейден шаң шығатын.
Мен сені құрметтеймін кітап жазып,
Тарихымның қойнауын аршығасын.
Бүгін мына ел-жұртпен кездескенде,
Аузыңнан жырдың сөлі тамшыласын.
Көбейіпті ақынның сорттары,
Ішінде аздау бірақ толықтары.
Келбетіңнен, Аманжол, айналайын
Бұландай күтіп баққан қорықтағы.
Айтысқандар толық деп тиісуші еді,
Жөн болды көлемдісі жолыққаны.
Сүйінбай басынан сөз асырмаған,
Сөйтіп оның тарихта аты қалған.
Пошымың маған ұқсас тегін емес,
Дұрыс қой істің басын ашып алған.
Сүйінбай ел аралап көп жүруші ед,
Тұқымы емеспісің шашыраған?!
Аманжол:
Берерсің жігіт болсаң сертіңізді,
Алмайын сетінетіп шетіңізді.
Қой сойып, бермесеңіз етіңізді,
Қайтейін жылтыраған бетіңізді?!
Өзіңді жақсы ақын деп даралаймын,
Сүйінбай ұрпағы деп бағалаймын.
Жетісудың жерінде берік өскен
Бірісің тамыр жайған қарағайдың,
Белімді бекем буып мен де шықтым
Жерінен Бұхар жырау, нар Абайдың.
Тоң май жалап қомданған жан емеспіз,
Мың жылқының арасын аралаймын.
Сүйкімді сылаңдаған қыз болмаса,
Табақтай бетіңізді жаламаймын.
Сақтадым жүрегімде дала сырын,
Табанға таптатпайды Алаш ұлын.
Екі ақын шықты, елім, алдыңызға,
Секілді маңдайдағы қарашығың.
Жамбыл менен Шашубай айтысқандай,
Табайық жақсы сөздің жарасымын.
Тегімді сұрасаңыз, мен айтайын,
Таза қанды Арғынның баласымын.
Алпауыт Алатаудың айбарысың,
Басылмас бек шағыңда сайран ісің.
Боздауыңда бөгделеу үн бар екен,
Десем де Жетісудың тайлағысың.
«Ч, ч» деп сөйлеуіңе қарағанда,
Жоқ па еді қырғыздармен байланысың?
Бір Алла тарылтпасын ұғымыңды,
Алмасын елге деген жұғымыңды.
Үндінің баппен құйған шәйі сынды
Өлеңде шығарып айт шығыныңды.
Ереке, жұлмасам да жұлыныңды,
Мұрныңа келтірейін шыбыныңды.
Қонақ боп келгеніңде көшемізге,
Қымыз құйып күтерміз кесемізге.
Шикілік болмаса да әкеңізде,
Байланыс болған шығар шешеңізде.
Әзілдің айта берсе шегі болмас,
Жақсының жүрегінде кегі болмас.
Салауатты, сұңғыла сөз айтпасаң,
Жайдақтау жауабыңның себі болмас.
Ереке, сөздің басын сен бастадың,
Сұрап алған аурудың емі болмас.
Ермек:
Мен емес сіздің сөзге көнетұғын,
Сіз емес бізді оңай жеңетұғын.
Баласы Сүйінбайдың Ермек едім,
Тереңнен жыр маржанын теретұғын.
«Арғын» десең ел-жұртың қол соғады,
Осы ғой біздің елді бөлетұғын.
Сен келдің, Аманжолым, Астанадан,
Мен кеп қалдым бұрынғы бас қаладан.
Құр бекер кеп кетпейік қырдан қарап
Ат үстінде кісідей жоқ қараған.
Қаламас ел ер жігітті өсірмейді,
Өсетін ер елдің жоғын өшірмейді.
Сөзімді отқа жығар ішің сезіп,
Шындықты айтпай бұғанаң бекімейді.
Астанада Балқаш жайын көтермесең,
Ағыбайдың әруағы кешірмейді.
Ақын ба екен жүректе жыр болмаса,
Өлең бе екен ішінде сын болмаса?!
Бастықтарды ақырын жұмсақтамай,
Қатты-қатты айтайық, тым болмаса.
Аманжол:
Болмайды асыл ерді бағаламай,
Көзіме көрінесің бағанадай.
Мейірімнің жаямын ақ кілемін,
Сөйлейін парасатпен, табаламай.
Өзіңе Балқаш елі қол соғады,
«Алыс жердің ұлы» деп алаламай.
Қазақ елі, көтерер бір жүгіміз,
Алаласақ қанайды кіндігіміз.
Қайғының тамшысына шомылмасын,
Алашым, азат күнде кірпігіміз.
Бәріміз бір қазақтың баласымыз,
Ағайын, жасай берсін бірлігіміз.
Сыр ұғып өткен күннің елесінен,
Аттадық жаңа ғасыр белесінен.
Бір кезде Балқаш көлі шалқар еді-ау
Жүзгендей Нұх пайғамбар кемесімен.
Табиғат ластанғаннан Балқашымның
Бұл күнде құс ұшпайды төбесінен.
Шындықты өзек етіп дастаныма,
Ақ үмітпен қарадым жас таңыма.
Табиғат – ұлы анаңды ардақтамай,
Адамзат, шыға алмайсың асқарыңа.
Балқашымның ауасы дұрысталып,
Құстарым қайтып келсін аспаныма.
Ермек:
Елімнің берік қылсын бұғанасын,
Аманжол да тыңдасын бұл ағасын.
Ауызбірлік еліңнен кеткен болса,
Келген-кеткен жеп кетер сыбағасын.
Татулығың нығайсын, асыл елім,
Жетімің шетке кетіп, жыламасын.
Тағдыры бермегенде көп несібе,
Кейбіреу жетімдерін шеттетуде.
Шетелге кеткен жетім балалардың
Кім кепіл бөлшектеніп кетпесіне.
Біз тағдырдың сынында тұрғандаймыз,
Сында тұрып салтанат құрғандаймыз.
Шыныменен, ағайын, бүйте берсек,
Отан деген сезіммен кімді алдаймыз?!
Бүйте берсек, алпауыт АҚШ тұрмақ,
Адамзаттың алдында сыйланбаймыз.
Жетім пана таппаса аулымыздан,
Не пайда ауылымыздың барлығынан.
Бүйте берсек, мен ашық айта алмаймын
Жарқын болашақ бар деп алдымыздан.
Жетімдердің қамқоры бола алмасақ,
Не пайда хандығыңнан, нарлығыңнан?!
Ал, Аманжол, інімсің кем демейтін,
Дүбірде жүйрік болмас терлемейтін.
Осы жерден тоғысып бір түйейін,
Ал, бауырым, ары қарай сен не дейсің?
Аманжол:
Жөнделіп келе жатыр сыңайымыз,
Бірлікпен күн кешейік ұдайы біз.
Батыстың даласында ержетпесін
Анадан текті туған құмайымыз.
Бейкүнә жетімдерді шетке берсек,
Қазақты кешірмейді құдайымыз.
Ермек-ау, жылылық бар есіміңде,
Кең пішкен береке бар кесіміңде.
Жетімдердің тағдырын ойлап айтқан
Ақыл бар, өнеге бар шешіміңде.
Іңгәлап дүние есігін ашқан сәби
Жүрмесін өзгелердің есігінде.
Құрсақтан қазақ болып туған бала
Өзінің тербетілсін бесігінде.
Ағасы, сөз жолдадың назарыма,
Мен сенің құлақ түрдім ғазалыңа.
Қасым мен Мұқағали ағалардай
Төзерсің бұл өнердің азабына.
Ол рас, Алашымның төл перзенті
Өзінің жақын болсын қазанына.
Аяулы Алматымның төрт құбыласы
Айналмасын Қытайдың базарына.
Заманның қиындығын жеңіп шығар
Рух пен иман берсін қазағыма.
Сұңқардай самғап ұшып алап, белден,
Тектілер биігінде қанат керген.
Хан Кененің соғысын Компартия
Қарақшылық қимылға балап келген.
«Қанаушы» деп жазғырып хандарымды,
Өздері қалың елді қанап келген.
Сананы бұғаулаған қызыл империя
Ұлтымның төл тарихын талақ көрген.
Тәуелсіз азат күнде ел табысты
Ағыбай, Наурызбайдай қанатты ермен.
Ұлтын сүйген ұландар өсе берсін
Рухты қазақ деген талантты елден.
Хан Кене өлерінде ән салыпты,
Сөзіне барша қырғыз тамсаныпты.
Тәуелсіздік жолында күрескенін
Толғанып, жырмен айтып жар салыпты.
Жүрегінің түгі бар арыстаным
Ажалды да өлеңмен қарсы алыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу