Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  187


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ӘБІЛҚАЙЫР СЫЗДЫҚОВ АЙТЫСЫ

Аманжол:
Сайланып жайлауында ерке үмiттiң,
Аяулы арманымды ерте күттiм.
Азат күннiң ақ нұры құйылсын деп,
Ақ орданың түңiлiгiн кең түрiппiн.
Өнердiң өрге бастар сапарында
Өлеңнiң өнегелi сертiн ұтым.
Күлтегiнше күмбiрлеп нақыл айтып,
Заманның шаттығы мен дертiн ұқтым.
Тоныкөктей толғанып ақыл айтып,
Кетбұғаның күйiндей шертiлiппiн.
Ғасырлар соқпағында тағдыры бар,
Армысың, тектi ұрпағы ер түрiктiң.
Дүние, болғаныңмен iзiң жалған,
Алдыман қол бұлғайды қызырлы арман.
Белiмдi бекем буып мен де келдiм,
Жүйрiктер бас қосқанда дүбiр жарған.
Сөйлесе жақсы ақыннан сөз қалған ба,
Көшкенде жүк қалмайды қызыл нардан.
Менiң кеме көңiлiм сапар шексiн,
Күдiктiң кiдiрместен мұзын жарған.
Қансонаршыл қазақтың баласы едiм
Құмайысын жүгiртiп, құсын салған.
«Ақжолтайлап» аршындап сөз бастайын,
Қуат бер қызыл тiлге, құзырлы Аллам.
Ағыбай алты алаштың ұраны едi,
Көк бестi желден озған пырағы едi.
Хан Кене, Ағыбайлар арқасында
Бермеген өз намысын Тұран елi.
Саңылақ Сарыарқаның кең даласы
Ұлтымның орда тiккен тұрағы едi.
Қозғалысты бастарда хан мен батыр
Алладан азаттықты сұрап едi.
Еңселi ердiң тойын тойлап жатқан
Балқаштың, аманбысың, қырағы елi!
Жетудi армандаған азат күнге
Тұлғасы бабалардың ғажап мүлде.
Аяулы Ағыбайдай батыр ұлды
Толғатып туа бермес қазақ күнде.
Алаштың бола бiлген қорғанышы,
Ағыбай батырлардың ордалысы.
Хан Кене ерлерiне бағышталсын
Бүгiнгi ақындардың толғанысы.
Ал ендi құрдасыма бұрылайын,
Билеген тұла бойын зор намысы.
Алқымымнан алардай аласұрған,
Армысың, Сыр елiнiң жолбарысы.
Ақынсың жеңiс тапқан бек күнiңнен,
Салауатты ер едiң серттi бiлген.
Шашубайын сағынған ардақты елдi
Толғанып тебiрентшi тектi үнiңмен.
Жүрмейдi сiлтей бiлсең қылышқа сын,
Ақыннан, асыл сөзден ырыс қалсын.
Көк бестiдей көсілiп топтан озсаң,
Алдыңнан арқан керiп кiм ұстасын.
Шашақты Ағыбайдың найзасындай
Ақындар жыр найзасын тiк ұстасын.
Құс керуенiн шақырып, шалғай кеткен
Аққу-жыр қайтіп бүгiн бiр ұшпасын.
Зауыттың түтiнiнен тұншыққан ел
Ақынның жырларымен тыныстасын.
Әбiлқайыр:
Аманжол да әсерлi ән екен ғой,
Жiгiттiң көрiктiсi, сәнi екен ғой.
Екеуiмiз сiз-бiз десiп айтыса алсақ,
Мен де сенi шын сыйлап, хан етем ғой.
Алқымынан алатындай деп отырсың,
Мен дағы әжептәуiр нар екем ғой.
Қауқарым мынау ғой деп жүрушi едiм,
Менен де қорқатындар бар екен ғой.
Ардақты асыл елiм Балқаштағы,
Бiр ұлың Сыр елiнен ән бастады.
Еске алып, ерлiк жасап жатырсыздар,
Ақжолтай Ағыбайдай марқасқаны.
Арқалы ақындардың басын қосып,
Айтыстың жарқылдады алдаспаны.
Сiздердей саралы елдi көрiп тұрып,
Тартынып ақындардың қалмас бәрi.
Ассалаумағалейкум, бармысыздар,
Жақсы мен жайсаңдардың жалғастары.
Өспес ел өткендерiн танымайды,
Өлi риза болмай, тiрi байымайды.
Ақ туын азаттықтың асқақтатқан
Бiз қазақ пiр тұтамыз Абылайды.
Бабалар жүрiп өткен өмiр жолын,
Ойласаң, бәрi күрес, бәрi қайғы.
Елдiгi елiмiздiң осы емес пе,
Ардақтап жатқанымыз Ағыбайды?!
Ерлiгi елден-елге әрi асады,
Кiм, кәне, бұл ойыммен таласады?!
Отарлап ел мен жерге жау шапқанда,
Бабалар ойлап бiлген арашаны.
Елiм деп еңiреген ер Ағыбай,
Көрсетiп қалың қолға тамашаны.
Ақжолтай Ағыбайдай бабамызға
Қандай той жасасақ та жарасады.
Бабамның тойы бiзге бүгiн жеткен,
Күлiмдеп күнiң көкте нұрын төккен.
Ерлердiң ерлiгi елге мұра болып,
Ұрпақтардан ұрпаққа үнi жеткен.
Бабалар ерлiгiнiң арқасы ғой
Тәуелсiздiк тұғырың бүгiн жеткен.
Торқалы тойларыңыз құтты болсын,
Алқалы алты алашқа дүбiрлеткен.
Құрдасыммен кездесiп,
Қыраныңдай көгiңде,
Бұйырса, мен де самғаймын,
Ұлылардың өйткенi
Жалғасы болып жалғастым.
Балқаштың мынау бойында,
Ағыбайдың тойында
Көрмегендi көрсетiп,
Көсiлейiк екеуiмiз,
Тартынып мен де қалмаспын.
Торқалы тойың, ағайын,
Құтты болсын дегеннен
Басқа сiзге не дейiн?!
Құрдасым келдi қасыма,
Өзiңдi мен де демейiн,
Сабыр түбi – сары алтын,
Құрметпен кезек берейiн.
Аманжол:
Жыр төкпей өткiзбейтiн бек күндерiн,
Мен сенi Бұдабайдай тектi ұл дедiм.
Сабырмен алшақ басқан нар ма десем,
Мақтауға есiң кетiп екпiндедiң.
Жолбарысқа теңеген құрметiмдi
Қорыққандықтың белгiсi деп бiлмегiн.
Қызыл қылыш асынып бiлегiне,
Хан Кене мiнген екен күреңiне.
Ағыбай, Наурызбай мен Бұғыбайлар
Айналған бар қазақтың тiрегiне.
Жоламан, Басықара, Жеке батыр
Жорықта нұр ойнаған реңiне.
Шәкiр, Жәуке, Бұқарбай, Иман батыр
Сұңқардай қанат қақты, түледi де.
Тағы басқа айбынды батырларым
Қорғаны бола бiлген дүр елiне.
Пушкiге қылыш ұстап қарсы шыққан
Таңғалам бабалардың жүрегiне.
Саусаққа киiп төре күн жүзiктi,
Ақ орданың түңлiгiн түргiзiптi.
Ақ киiзге көтерiп Хан Кененi,
Бар қазақ хан тағына мiнгiзiптi.
Бас батыр етiп сайлап Ағыбайды,
Бiлегiне қылышын iлгiзiптi.
Патшалық Россия империясы,
Қайтейiн, көрсетпедi-ау бұл қызықты.
«Бөлiп ал да билей бер» саясатын
Халқымның арасына жүргiзiптi.
Шен берiп, атақ берiп болыстарға,
Ерiксiз шеңгелiне кiргiзiптi.
Ханға аға сұлтанды қарсы қойып,
Ынтымақтың арқасын тiлгiзiптi.
Ақыры бодандыққа көндiргесiн,
Талай жыл бiр iзбенен жүргiзiптi.
Оңайлықпен көрген жоқ бiздiң қазақ
Азаттық деп аталған дүр қызықты.
Ақ патша уысына алмақ болған,
Iштен солай iрiтiп, жармақ болған.
Ұядай мекенiмдi қырық бөлiп,
Әр жерден бекiнiсiн салмақ болған.
Қазақтың ең шұрайлы жерлерiне
Шегiрдiң мұжықтары таңдап қонған.
Бекiнiстi талқандап Ағыбайлар,
Жерiмдi аман сақтап қалмақ болған.
Өздерiңе мәңгiлiк қарыздармыз,
Қайраткер бабаларым саңлақ болған.
Өнердiң жол iздеген ауласынан,
Жiгiтсiң жаңылмаған тәубасынан.
Жауынгер көшпелi елдiң ұрпағысың,
Жасқанбай желiп өтер жау қасынан.
Ал ендi кезек бердiм, қанат қақшы,
Ұшқандай текті бүркiт тау басынан.
Әбiлқайыр:
Мен де жырмен халқымды аралармын,
Аманжол, айтқаныңды бағалармын.
Еңбегi ешқашанда ұмытылмас
Жаңағы өзiң айтқан даналардың.
Елiмдi қиындықтан алып шықсын,
Аруағы желеп-жебеп бабалардың.
Ерлiгi ерлерiмнiң ақталады,
Қосылып жатыр елдiң баққа бағы.
Шынымен, бұл қазаққа кiмсiң десе,
Бабамның атын айтып мақтанады.
Бойында намысы бар қазағымнан
Бiрлiгi барда жаулар сақтанады.
Ерлiгi бабалардың мың жасайды,
Ажыратып аларсыз ақ-қараны.
Ерлiгi батырлардың ұмытылмай,
Мәңгiлiк ел есiнде сақталады.
Аманжол, өзiң жырлаған,
Қаракерей Қабанбай,
Жауын салған алдына
Қанжығалы Бөгенбай.
Ақ найзасын көтерген
Шұбыртпалы Ағыбай.
Бұқарбай менен Жанқожа
Өңгерген жауды жанына.
Исатай мен Махамбет,
Қаншама батыр тағы да.
Қайсыбiрiн айтайық,
Бабалардың барлығы
Қазақтың туған бағына.
Ақжолтай батыр Ағыбай,
Бүгiнгi барша халықтың
Жыр-әнi болған Ағыбай.
Кешегi Кенесарының
Жауға шапса жасқанбас
Сыңары болған Ағыбай.
Атқа қонған ерлердiң
Кешегi жаумен шайқаста,
Азаттық үшiн айқаста
Құмары болған Ағыбай.
Тоқсан сөздiң түйiнi,
Алты алаштың баhадүр
Ұланы болған Ағыбай.
Аманжол:
Көшпелi халық едiк нар ғұрыпты,
Жанымнан биiк әр кез ар тұрыпты.
Яссауи кесенесiн салған Темiр
Әлемнiң шеберлерiн алдырыпты.
Мысырда мешiт салған Бейбарысты
Бөгде ел сұлтан сайлап, хан қылыпты.
Алты алаштың мырзасы – Құнанбайлар
Меккеден де тақия салдырыпты.
Жошы хан кесенесiн көрiктi еткен
Иманғали қайраткер арлы мықты.
Қабанбай, Қарасайға кесене сап,
Қайратым ел алғысын алды құтты.
Ұлтжанжы Мұхтар ағам, Амангелдi
Айтыстың отын жарық жандырыпты.
Қашанда ұлтын сүйген қайраткерлер
Артына өшпес мұра қалдырыпты.
Дүбiрлi той қамына амалдадық,
Тұрғандай ұрпақ iсiн бабам бағып.
Айбаты арыстандай аталарым,
Бiлмеймiн, бере алдық па бағаңды анық?!
Ағыбайға ескерткiш орнатпадық,
Кесенесiн дұрыстап сала алмадық.
Құм таулардан қажыдым, қайда шыңдар?
Бармысың, заманаға сай жасындар?
Дүниенi жиғанмен жанталасып,
Фәниден құралақан қайтасыңдар.
Бабаның ескерткiшiн орнататын
Бұл күнгiнiң байлары, қайдасыңдар?
Болса да Қорқыт пенен Асан қайғы,
Өлiмнен пенде басы қаша алмайды.
Ұрпақтардың бойында рух болмай,
Ұлтымның жүрген көшi нашарлайды.
Ана тiлдiң уызын ембеген ұл
Еңкейiп елге есiгiн аша алмайды.
Андрейдей байлары бүгiнгiнiң
Өзiне үй салудан аса алмайды.
Елiмнiң тiгiлгенде туы шыңға,
Көңiлдiң кiр болмасын қуысында.
Ақтарып айта алмасам маған да сын
Тепсiнiп тұрған сөздi тiл ұшында.
Бұл күнде Қарағандының бар ақшасы
Усатовтай қулардың уысында.
Шетелге кетiп жатқан қиырдағы
Батырға мыстан мүсiн құйылмады.
Ордалы Қарағанды қаласынан
Ағыбайға бiр көше бұйырмады.
Әбiлқайыр:
Қазақтың өттi қанша арыстары,
Белгiлi азаттық деп алысқаны.
Бүгiнде бабасының асын берiп,
Халықтың жақсылықпен қауышқаны.
«Бұл заманның байлары қайда?» дейсiң,
Жақсылықты аңсағандай алыстағы.
Мiне, осындай жиындар көптеп болса,
Оянар деймiн әлi намыстары.
Жырлайын жүрегiмде шабыт барда,
Деушi едi келген ойды алып қалма.
Ерлiгiн бабалардың ұмытпасақ,
Аманжол, бұдан асқан бақыт бар ма?!
Асылдардың ерлiгi өлмес мәңгi
Сiздердей қасиеттi халық барда.
Жарамас жүрегiмнен жыр ұсынбай,
Кездеспес күнде жиын дәл осындай.
Өзгеден озық туған ел едiк қой,
Өнерде несiбең мол, ырысың бай.
Аталы әңгiме айтып отырайық,
Ел өзi таңдап алар дұрысын қай.
Көздеген биiктерге бiрге шығып,
Самғайық жыр-аспанда жыл құсындай.
Аманжол, аламанның ақтангерi
Дегенге сөз келтiрмей, жүрмiсiң сай?!
Көсiлiп бауырымды бiр жазайын,
Сөйлейiк ел алдында шын қысылмай.
Шығайық топ iшiнен суырылып
Ақжолтай Ағыбайдың қылышындай.
Аманжол, ендi аянба,
Шашубайша төгейiк.
Үстi-үстiне қарқында,
Балқаш көлi басында,
Ағыбайдың асында
Айтып-айтып кетейiк,
Жай отындай жарқылда.
Аманжол:
Жоқ едi жолдасыңа күндестiгiң,
Алғысын Алашымның күнде естiдiң.
Қала ұлының тақымын талдыратын
Өзiсiң алып-ұшқан сұр бестiнiң.
Сол жайында әңгiме қозғайыншы,
Бар дейдi «Хорикейн» инвестрiң.
Өсер ел өз ерлерiн тектi етедi,
Сыбайластар өзгенi ептi етедi.
Өз ұлың өндiрiстi дамытпаса,
Қазынаңды әркiм кеп жеп кетедi.
Түлкiше қулық қылып кетерiнде,
«Қарғаша қарқ еткiздiм» деп кетедi.
Нелiктен «Хорикейн» компанияңыз
Қазақтың жiгiттерiн шеттетедi?!
Канадаң долларларын санайды екен,
Мұнайды меншiгiне балайды екен.
Тиынына телмiртiп, дұрыс бермей,
Қазаққа құл секiлдi қарайды екен.
Санама сансыз жұмбақ сұрақ қонып,
Кеудемнен ағылды бұлақ болып.
Арал тұзы арқамды ашытады,
Жүрсем де Сарыарқада жырақ қонып.
Қазақтың миллиардер жiгiттерi
Топ бастар күн бар ма екен пырақ болып?
Өз ұлың мұнайыңа ие болса,
Сыр бойы кетпес пе едi жұмақ болып?!
Ұмытпа, ұлықтарым, құдайыңды,
Билiкте адал өткiз бiр айыңды.
Бульдок пен дүрегейдi аңға қосап,
Қарғыда қыңсылатып құмайыңды.
Канада алғанменен мұнайыңды,
Жарылқап кiрiгiзбейдi шырайыңды.
Әбiлқайыр:
Ерлерiм еркiн қанат қаға алмай жүр,
Шырағын берекенiң жаға алмай жүр.
Мұнайын өзi бере салған қазақ
Қайтарып ендi кейiн ала алмай жүр.
Ел мұңын айта бiлсек ақын дейдi,
Жауға қарсы беттесе батыр дейдi.
Киер киiм, iшер асқа жарымаса,
Ондайды нағыз кедей, пақыр дейдi.
Ал ендi Балқаштағы жұмыскерлер
Түтiнменен у жұтып жатыр дейдi.
Ерiнбей еңбек еткен еңбеккерлер
Жалақысын аз алып жатыр дейдi.
Кемшiлiктi тiзбелеп жүресiңдер,
Қашанда елдiң мұңын бiлесiңдер.
«Сыр елi олай-былай боп тұр ғой» деп,
Жығылып жатып маған күлесiңдер.
Экология зардабын халық көрдi,
Өкiмет бiр сiлтедi анық қолды.
Бүгiнгi Аралымың қасiретi
Ойласа, қане, кiмге бақыт болды.
Қаншама миллиондар аударылып,
Бiреулер жарты жолдан қарық болды.
Сол ақша келiп жетсе, Аралымыз
Теңгеге толатұғын уақыт болды.
Сауда деп қаншама ел сабылып жүр,
Сандалып сары уайымға салынып жүр.
Ендеше мен де айтайын, сен де тыңда,
Қылмыс деген табандап қағынып жүр.
Жұмыссыз жастар жағы жалыққаннан,
Iшiмдiк, есiрткiмен жаңылып жүр.
Шiренген шенеунiктер Елбасына
Өтiрiк ақпар берiп жағынып жүр.
Ұятсыз газет, журнал қаптап кетiп,
Халқымыз рухани тарығып жүр.
Дiнiмiздiң дiңгегi мықты болмай,
Өзге дiнге шатасып, малынып жүр.
Мыңқ етпес министрлер миллионер боп,
Мәңгiлiк тұратындай мәңгiрiп жүр.
Осындай көлеңкелi кемшiлiктер
Тып-тыныш елдiң iшiн шаң қылып жүр.
Аманжол:
Саңылақ Сарыарқаның атырабы
Ластанған ауа жұтып аһ ұрады.
«Қазақмыс» қожайыны – Ким мырзаңыз
Тойына Киркоровты шақырады.
Пугачева дегендер бiрге келiп,
Ән салып бiр-екi күн бақырады.
Мәскеу жақтан алдырған әртiстердiң
Жүз елу мың доллардай ақылары.
Сол ақшаны құйса егер осы тойға,
Бәрi де болмас па едi мағыналы?!
Келімсекке телмiрген қайран қазақ
Құнанбайдай байларын сағынады.
Адамға ырзық келмес талаптанбай,
Ойлайық ұлт тағдырын қарап қалмай.
Қарақұс басып жеуiн тоқтатпайды,
Қыранның балапаны қанаттанбай.
Маң-маң басып жүретiн күн бар ме екен
Бекзада берекелi арабтардай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу