Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  343


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЖӘКЕН ОМАРОВ АЙТЫСЫ

Жәкен:
Ал, сөзiмнiң басы –
Бiссiмiллә рахмани рахим.
Жаратқан ием жар болса,
Кең көсiлер бұл ақын.
Өзiнен ауыр сөзi бар,
Байқаңыз қуат-қыратын,
Шабыты келсе шайырдың,
Тыңдаған құлақ тұнатын.
Елге қызмет ету еді
Әуелгi парыз-мұратым.
Ақ жүрек халқым, армысың,
Ұстаған жерден сынатын.
Түнектен шыққан тұлпардай,
Түлектен шыққан сұңқардай,
Кезiмiз болар бұл бiздiң
Ауалап көңiл тұратын.
Орындайын, Иншалла,
Мұхаммедтiң сүннатын.
Ассалаумағалейкүм,
Отырған жәмиз жұратым.
Ал, бәйгеге қоссаң жүйрiк деп,
Батагөй халқым, расында,
Шапқан сайын ширадым.
Жиhадқа шыққан батырға
Алладан деген ұйғарым.
Мыңнан бiрге берiлген
Болмағанын тiлейiн
Ақындық деген сыйда мiн.
Арыстан баб, Қожа Ахмет
Бұл күнде, шүкiр, сырласым,
Хикметтерiн сiңiрiп,
Бағыштап Құран тұрғасын,
Солардан ұлың ұсынсын
Тергенi менен жиғанын.
Бұл дүниеден iздерiм
Атақ та емес, даңқ емес,
Шын дүниелiк иманым.
Ұмытпастай әдептi,
Аршығандай сәдептi,
Алла салса, айтайын
Ауызыма сыйғанын.
Ақ самай ардагерлерiм,
Халал боп хақың ұрпаққа,
Құтты да болсын мейрамың.
Ал адамның исламнан үлгi алмағы,
Арылып кiрден, ия нұрланбағы.
Харам менен халалды ажыратпаса,
Қонады өзi оралып шыңнан бағы.
Парыз, уәджип, сүннәттi түгендеген
Пенденiң жәннатқа бiр шын бармағы.
6666 аятты Алла сүйген құлға арнады,
Бiрер жыл шекара асып iлiм көрдiм,
Жiгiттiң әуелдегi бұл да арманы.
Сағынған ел мен жұртын қайран жүрек
Пақырдай аласұрар зындандағы.
Сүйсiнiп әңгiмеңе ғалам барша,
Көп сөйлеп түсiрмессiң бағаңды онша.
О дүние, бұ дүниенi қатар ойлап,
Аманжол, айтысайық адамдарша.
Көп шығар айтпағаның айтқаныңнан,
Домалап кетiп жүрме, байқа, қырдан.
Баласы мұсылманның тiлi орамды,
Перiштең биiк тұрсын шайтаныңнан.
Аманжол:
«Ақжол!» деп сөз бастасам аруақтанам,
Ұл едiм ордалы ойын салмақтаған.
Тұрлаулы тұлпар елдiң түлегi едiм,
Алқынып аламанда шаң қаппаған.
Үкiлеп бата берiп аттандырды
Саңылақ Сарыарқадай ардақ далам.
Қасқайған қарт бабамдай Алатауым,
Қонсыншы биiгiңе таңдап балаң.
Қазақтай қайсар елiм, аманбысың,
Ақынның жолын тiлеп «аруақтаған».
Алаштың атқа мiнсе ұландары,
Айтылар «Аллажарлап!» ұрандары.
Ержүрек ұлдарымен асқақ әр кез
Күмбiрi күнге жеткен Тұран бағы.
Берлиннiң қақпасында ат ойнатқан,
Армысың, қырық бірдің қырандары.
Ерлiкпен емдеп көңiл күйiктерiн,
Баукеңдей батырлармен биiктедiң.
Мерейiң аса берсiн, майдангерлер,
Жеңiсiң жасай берсiн, сүйiктi елiм.
Аталар – айбын тұтар асқарларым,
Сұңқардай қырық бiрде аспандадың.
Шебiңдi бұза-жарып жау келгенде,
«Алла!» – деп алға ұмтылып, жасқанбадың.
Әлемге айбат шеккен Гитлердiң
Ұшырдың мәңгiлiкке бастан бағын.
Жүз жылдың мұғдарында болған емес
Сендерден асқан батыр, асқан жалын.
Тiлерiм – аман-есен аттаңыздар
Келешек жаңа ғасыр баспалдағын.
Үлкендер, ұрпаққа үлгi бергенсiңдер,
Қан кешiп, тарланбоздай желгенсiңдер.
Бес жылда дұшпаныңның белiн үзiп,
Жеңiстiң боларына сенгенсiңдер.
Бiрлiк пен рухтарың мықты болды,
Дұшпанды сондықтан да жеңгенсiңдер.
Жаңбырша жауған оқтан аман қалып,
Шапағын бейбiт күннiң көргенсiңдер.
Мерейiң арта берсiн, әкелерiм,
Ғасырдың Алпамысы сендерсiңдер.
Бiрi едiм шыққан ұлдың қара жолға,
Кездестiм өзiңменен дара жолда.
Өлеңiн Құранымен қатар өрген,
Жәкендей, аманбысың, бала молда.
Көзге iлмей боз даланың сары атанын,
Менменсiп сөйлейсiң-ау, балақаным.
Ағаңды домалату оңай болмас,
Ойланып көрсең қайтед, балапаным?
Ақтарсаң ақиқатпен ақылыңды,
Болады қарашаға атың үлгi.
Қансонар күнде мұндай бола бермес,
Бауырым, жалғастырғын нақылыңды.
Жәкен:
Ағасы, жерiм жоқ ед менмендеген,
Менмендiк жолдас қылар шермендемен.
Ескендiр жердiң жүзiн билегенмен,
Менменсiп ешқашан да сенделмеген.
Жақын тұт, алыстатпай, арамызды,
Сыйладық мына сiздей ағамызды.
Ал ендi салған жерден сен жабысып,
Жаппастай отырсайшы жалаңызды.
Арқадан келген ақын өрден асып,
Сөздерiң емес сенiң елге қашық.
Осылай сыпайылап отырып та,
Кететiн кездерiң бар белден басып.
Аманжол, неменеңе жымиясың,
Бiр өзiң билегендей жыр ұясын.
Айтыста мына сендей аптыққанның
Шығарып жаттыққанбыз шiлиясын.
Аманжол:
Сөйлейсiң ыңыранып шептi бұзбай,
Қарайсың шалға қосқан кектi қыздай.
Қомданып, бiр серпiлiп отырсайшы
Аң көрген, қиядағы тектi құстай.
Санамды тоқсан сұрақ мазалады,
Толғансам iштегi шер тазарады.
Жәкен-ау, айналайын күлiп отыр,
Молдадай тымыраймай қазадағы.
Кетпесін басыңдағы бағың үркiп,
Сөйлейiн аузымынан жалын бүркiп.
Ақтаңгер ағасымен айтысам деп,
Алмасын Жәкен бала таңын жыртып.
Тiлдессең көш тоқтатып далалықпен,
Тебiренiп үн қатады даналықпен.
Көрсетсең iзетiңдi iнiлiкпен,
Ашайын құшағымды ағалықпен.
Ақындық – қасиетiм қанымдағы,
Сайраймын сандуғаштай бағындағы.
Жұма сайын бәйгеден олжа салған
Елiмнiң жүйрiгi едiм бабындағы.
Атадан асып туған айбарлы ұл
Әркiмге басын иiп, жалынбады.
Дiн жайлы ойыңды айтшы, Жәкен iнiм,
Ұл едiң Рәтбек қажы сабындағы.
Жәкен:
Ал, әуелде Адам ата – ұлық бабам,
Нәпсiсiн зiкiрменен құлыптаған.
Өсиет тыңдап жұртым әр айтыстан,
Жүрсе екен қасиетiн бiлiп ғалам.
Құранның түскенi рас анық көктен,
Алланың әмiрiмен дәрiптi еткен.
Уаhидтi Жебiрейiл мезгiлiмен
Мұхаммед пайғамбарға алып жеткен.
Құраннан алты харам көрдiм, аға,
Қоғамда бiздiң мына дамып кеткен.
Дертiңдi кәләм-шариф анық басар,
Оқыған ғалым жұртқа жарық шашар.
Жегенде доңыз етiн, сол хайуанның
Мiнезi мен құлқы да қалыптасар.
Болмайық, ал, ағасы, ғарiп тағы,
Ақынсың ел алдында жарықтағы.
Арақты iшкендердің ақырында
Малдан төмен боларын анықтады.
Парақор адамдарға тiрек болған,
Сөйлейтiн ислам жайын жүрек болған.
Әбеке, сен жалғастыр, Құран бiлсең,
Ашсайшы ел жүрегiн түнек болған.
Аманжол:
Сөзімнің қарымтасын қайтармадың,
Шын дарынды қырыңнан байқалмадың.
Қазiргi дiн жайында сұрап едiм,
Мардымды еш нәрсенi айта алмадың.
Имансыз ел емеспiз құдайы жоқ,
Бiтiмсiз емес едiк шырайы жоқ.
Қажысы Алматының көбейгенмен,
Мешiттiң бiтетұғын сыңайы жоқ.
Әзiрге iсi оңға басар емес,
Жемқорлық жанымыздан қашар емес.
Бiр өзi еңбек етiп мешiт салған
Кешегi Құнанбайлар осал емес.
Бұл күннiң қажысы мен қалталысы
Халқына ондай рахым жасар емес.
Халқының садақаға берген пұлы
Мүфтидiң айлығынан асар емес.
Тәңiрдей сырласпасаң дара күшпен,
Жаныңа жазылмастай жара түскен.
Қазiргi кей қазаққа таңқаламын,
Меккеге барып келiп арақ iшкен.
Мықтыны заман өзi даралайды,
Жаманның жалған iсiн қаралайды.
Меккеге барып алып кейбiр қазақ,
Қыдырып дүкен, базар аралайды.
Осындай имансыздың қылықтары
Жүрегiн Жаратқанның жаралайды.
Парамен, жемқорлықпен тапқан ақша
Қажылық ырымына жарамайды.
Iлiмнiң бойла, iнiм, тереңiне,
Ел сонда иланады дегенiңе.
Алаштың мұң мен зарын айта алмасаң,
Молда боп бұл фәниде керегi не?!
Жәкен:
Әбеке, бiз байқадық қарқыныңды,
Көрсеттiң қарқыныңмен әр қырыңды.
Молдаға тiл тигiзбей отырсайшы,
Ойламай мәртебеңдi жарты күнгi.
Iнiм деп жалымыздан сылап-сипап,
Жуасытқың келедi жалпы кiмдi?
Бiз-дағы қара жаяу емес едiк,
Атыраулай берместен ал тiлiмдi.
Толтырам алдыңызды қадiрiмше,
Отырам жете бiлiп артығымды.
Жетерлiк бiлiмiң бар бiр басыңа,
Ұсындың ел-жұртыңа мұнда шыға.
Мешiттiң бiтпей жатса, өкпелегiн,
Әбеке, Рекеңдей дiнбасына.
Әр сөздi айта бiлсең сауап болар,
Қажыны шын мұсылман тауап бiлер.
Барып кеп арақ iшсе, ол, Әбеке,
Шын дүние болғанда өзi жауап берер




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу