Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  596


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЖIБЕК БОЛТАНОВА АЙТЫСЫ

Тәуелсіздік мерекесіне арналған айтыс.
Алматы қаласы. Тамыз, 1997 жыл
Аманжол:
Армысың, қалың қараш, ардақты елiм,
Армысың, қарт Алатау, саңлақ белiм.
Сиынып жаратушы бір Аллаға,
«Ақжол!» деп сөз бастайды ардақты ерiң.
Кеудемнен ақтарылған алтын өлең,
Ақынның бiреуi едiм нарқы берен.
Алдыңда басымды иiп тағзым еттiм
Ордалы ақындардың салтыменен.
Халқымның аян тұттым баталарын,
Даламның тұғыр тұттым жоталарын.
Иіген аруанадай асыл жұртым,
Алдыңа келдi, мiне, боталарың.
Кең болсын өр қазақтың керегесi,
Ешкiмнен кем болмасын кенересi.
Есiгiн жаңа ғасыр ашар сәтте
Алланың аз болмасын берекесi.
Ағайын, құтты болсын деп айтамын
Елiмнiң Тәуелсiздiк мерекесi!
Айбын бар қазақ деген арыс елде,
Төзiм бар қазақ деген талыс елде.
«Аллалап!» керуендi бiз түзедiк,
Арманмен қадам басып алыс өрге.
Әлемнiң көшiн бастап болашаққа,
Айналар күн тусыншы барыс елге.
Бұл ағаң жақсылықты байыптады,
Ақынның арзан болмас айтқаны.
Еркелеп Алатауға келген бүгін,
Армысың, Жiбек сұлу Жайықтағы.
Жiгiт ем нөкер сайлап жорық құрған,
Өнердiң қасиетiн мол ұқтырған.
Алдыма ару ақын кеп жатқанда,
Кезiм жоқ арзан сөйлеп торықтырған.
Мiнеки, Аманжолмен бiр сырласшы,
Жiбек қыз, бек шағыңда толып тұрған.
Алланың ақ ниетi дұрыс екен
Қайтадан екеуiмiздi жолықтырған.
Ақындар Алатауға жол қылғандай,
Керуендi салтанатын мол қылғандай.
Дегенмен, мәз-мәйрам боп мен отырмын,
Қолыма көгiлдiрдi қондырғандай.
Мен болсам бiр ағаңмын нар атандай,
Сен болсаң, ақын қызсың дара таңдай.
Томпиып отырысың қандай жақсы,
Жарыққа жаңа шыққан балапандай.
Жайықтың ақын қызы жақсы керім,
Самалдай тынысымды ашты лебің.
Ал ендi тiзгiнiмдi мен тартайын,
Қанатты, көгiлдiрiм, қақшы дедiм.
Жiбек:
Әнменен, өлеңменен таңды атырған
Думаншыл менiң халқым сан ғасырдан.
Исатай, Махамбеттiң ұрпағымыз
Сойылды ат үстiнен алмастырған.
Абыздар астаналық есен бе екен
Асыл ой, ардақ сөздi жалғастырған?!
Ақ басты Алатауым, ар ма екенсiң,
Төрiнде Алматының малдас құрған?!
Қазағым, ақылға бай, көсемсiң ғой,
Ал ендi тiлге келсең, шешенсiң ғой.
Айналған алты алаштың арманына,
Алматы, мәңгi жұмақ мекенсiң ғой.
Астана ауысқанымен Ақмолаға,
Орнында Алатауым екенсiң ғой.
Көзiнде қыздарының күлкi ойнаған,
Думанды жiгiттерi түн тойлаған.
Сәлемiн алып келдiм Ақ Жайықтың
Қой бағып, түйе сауып, жылқы айдаған.
Ауылдан келген едiм дауылдатқан,
Далаңнан келген едiм жауындатқан.
Атамыз қазақ бiздiң жат адаммен
Бас қосып бiр шай iшсе бауырласқан.
Ағайын, армысыңдар, қар түскенде
Соғымды дәмететiн ауылдастан.
Көңiлi халқымыздың ортаймаған,
Уәдеден дос бұзылып, жар таймаған.
Екi ақын айтысқанда ортасында,
Дариға, қымыз қызып, шай қайнаған.
Сол кезде ақсақалдар тақиясын
Қиықсыз қолына алып пай-пайлаған.
Жайықтан ақын қызың тағы келдi
Өлеңдi айтқан кезде айқайлаған.
Армысың, Аманжолым, ардақты ағам,
Әр сөзiн таразыдай салмақтаған.
Қомданып отырсың ғой, екi көзiң
Секiлдi қыран бүркiт қан қаптаған.
Менсiнбей қарайсың ғой аласаға,
Өзiңе тәкаппарлық жараса ма?
Қамкөңiл мына бiздiң халайықты
Батырып кетемiз бе тамашаға?!
«Армысың, Аманжолым» деп айтайын,
Ел-жұртың, аман ба екен бала-шаға?!
Дүйiм жұрт, ел-халқыңды саялашы,
Сезiмдi жылы менен аямашы.
Жарыққа талпынамын балапандай,
Ал ендi күн болып сен аялашы.
Аманжол:
Қыз едiң қырдағы елдiң ырысындай,
Ақ Жайық өлкесінің тынысындай.
Жiбек қыз, жанарыңнан айналайын
Жарқ еткен Махамбеттiң қылышындай!
Толқындап кемерiме сыймай тұрмын,
Әзiрге айылымды жимай тұрмын.
Қырандай көз қанталап кетсе-дағы,
Бүруге сенi, қалқам, қимай тұрмын.
Жақсы ақын қарт Бұхардай кең толғайды,
Перзентiн тұғыр болып ел қолдайды.
Алашқа асыл сөздi тарту етсең,
Ауылдың соғымынан кем болмайды.
Сауықты ағаң ендi құратындай,
Керуенiн саған қарай бұратындай.
Ал ендi «Аллажарлап» мен шабайын
Кешегi Ақандардың құла атындай.
Өзiңдi, Жiбек сұлу, көрген жігіт
Қырық күн аш жүрсе де тұратындай.
Жарқ еткен қынаптағы ақ алмаспын,
Жетісу, қадамымды саған бастым.
Жер шарын жетi айналып шықсам-дағы,
Шаhарды Алматыдай таба алмаспын.
Болсын деп жақсылықтың бастамасы,
Арқаға көштi елдiң астанасы.
Арқаға астанамыз көшкенiмен,
Алматы – Алты Алаштың бас қаласы.
Сөзiмiз, Жiбек сұлу, теңiз болсын,
Арқаға Алатаудан бек із болсын.
Әлемдi сәулетiмен таңқалдырған
Алматы Астанамен егiз болсын.
Даланың дархан мінез ордалы елі,
Аласа ұлы өнерде болмап едi.
Жайықтың Жiбегiне сәлем айт деп,
Сарыарқа сағынышын жолдап едi.
Жiбек:
Төселген шарпысуға ақындардай,
Отырмын алдыңда әзiр батылданбай.
Қолыңа бұл айтыста қондыратын
Сарадай сұңқылдаған тотың қандай?
Жылынып жүрегiм де бара жатыр,
Бiржанның өзi келiп отырғандай.
Тәңiрдiң түзу түсiп бүгiн iсi,
Төгiлсiн кестедей боп жыр үлгiсi.
Белгiлi аспандағы ақиыққа
Жердегi ақ түлкiнiң жүгiрiсi.
Ұтылып арзан сөзден қалмас деймiн
Мәншүк пен Әлияның сiңiлiсi.
Аңшыдай саят шығып, құс салатын,
Келемiз ақындықтың ұстап атын.
Қанша шешен болса да Жиреншенi
Қарашаш хан алдында құтқаратын.
Кiмдер бар көктем келсе жасармаған,
Дүрсiлiн жүрегiнiң баса алмаған.
Кемеңгер, данышпан боп Аяз би де
Әйелдiң ақылынан аса алмаған.
Келемiз бiз жастықтың желiменен,
Жастық та жарасады теңiменен.
Көргенде Ақжүнiстей аруларды
Ер мiнез Ер Тарғын да емiренген.
Нарқыздар жауға шапса қайтпас едi,
Аңыз қылып ел бекер айтпас едi.
Қыздарға табынбаса Мұқағали,
Арызын Фаризаға айтпас едi.
Аманжол:
Айналдым, қарындасым, көрегенiм,
Тiлеймiн кең болғанын керегенiң.
Қарындас, өзiңе сай болсын деймiн
Өмiрде таңдап тапқан Төлегенiң.
Мен көрдiм бұлбұл құсты ормандағы,
Тотының табылмайды тордан бағы.
Жiбек қыз, өзiңменен толықсыншы
Кешегi қыз Жiбектiң армандары.
Жетiсу хан түсетiн жер емес пе,
Iргелi қазақ деген ел емес пе?!
Қарашаш, Меңдiсұлу болсаң-дағы,
Қалқам-ау, ердiң аты ер емес пе?!
Ризамын, қарындасым, толғамыңа,
Өмiрде айналайын қорғаныңа.
Ағаңның алдын кесiп не қыласың,
Соңымнан ере бiлсең болғаны да.
Аманжол аталы сөз толғай келсiн,
Халқына қазынасын жолдай келсiн,
Жайықтың ерке қызы Жiбекжанды
Бақ тілеп, ықыласпен қорғайды ел шын.
Мәншүк пен Әлияның сіңілісін
Бір Алла мейірленіп қолдай көрсiн!
Жалғашы аналардың iзгi арманын,
Тiлеймiн ел үмiтi қыз болғанын.
«Аман бол, қайда жүрсең» деп тiлеймiн,
Алаңсыз бүршiк жарған қызғалдағым.
Жiбек:
Мен бүгiн Жайық болып тасынамын,
Ағажан, әзiл сөзге жасымағын.
Қарындас қылығынан қымсынбасаң,
Еркелеп, мойыныңа асыламын.
Айтыстың әлiппесiн жаттағанмен,
Үмiтiн анашымның ақтағанмен,
Қыз бала оң жақта көп отыра ма,
Бал берiп, балапандай баптағанмен.
Көздерi жiгiттердiң көп түскесiн,
Сүттiң де дәмi кетер көп пiскесiн.
Оң жақта омалып көп отырмадым,
Қып-қызыл жүрегiме шоқ түскесiн.
Келiн бе ерте тұрып, жай жатпаған,
Шоқ салып самаурынға қайнатпаған?!
Қолыма шелек ала жүгiремiн,
Бұзауды байлап қойып ойнақтаған.
Қолымда бiрде кесе, бiрде қалам,
Шайымды кiм iшпейдi қаймақтаған.
Ағажан, басқан iзiм бiлiнбейдi,
Қазандық әуенiмен уiлдейдi,
Тасқұман менi көрсе күлiмдейдi.
Қолымнан түспеген соң сыпырғыш та,
Таянсам босағаға дiрiлдейдi.
Терiнi ширықтырар iй дейдi ғой,
Қыздарды қырық үйден тый дейдi ғой.
Табаға салған кезде бауырсағым
Қосылып маймен бiрге билейдi ғой.
Содан соң секiргенде табағыма,
Iшiнде бiреуi де күймейдi ғой.
Көңiлiн алғанымның табамын деп,
Әйтеуiр шабамын кеп, шабамын кеп.
Ертемен шай құюға асығамын,
Атамның батиқасын аламын деп.
Аманжол:
Куәмiн қыз сандығы ашылғанға,
Намысым биік еді басымнан да.
Қасқайып хан ұлындай мен тұрайын,
Жiбек қыз мойыныма асылғанда.


Шығайын асуына биiктердiң,
Арманы сол емес пе сүйiктi ердiң?!
Абайдай оң қолымды ұсынайын,
Тоғжан боп бiр кесе шай құйып бергiн.
Бiлемiн Жайықтағы тұрағыңды,
Бағала жастық дәурен, бұла күнді.
Мiнеки, Алатауға бүгiн жақтың,
Жiбек қыз, өнердегi шырағыңды.
Жiгiт боп сырлы кесе мен тосайын,
Жiбек-ау, қолыңа алшы құманыңды.
Жiбек:
Жаңа айттым: ерте тұрып, жай жатамын,
Ас үйде өнерiмдi байқатамын.
Шайын сен сахнаның не қыласың,
Үйiме келсең, аға, қайнатамын.
Сөзiне қарындастың сенбеймiсiң,
Өзiң бiл, терлеймiсiң, тергеймiсiң.
Жайыққа қонақ болып келiп-кетiп,
От жаққан жерiмдi, аға, көрмеймiсiң?
Болмаса аю басқан тас құлағың,
Өзiңдi бiр Аллаға тапсырамын.
Қыздырып Дина әжемнiң күйлерiне,
Мұхиттың әндерiне мас қыламын.
Ұсынып қайта-қайта ой табағын,
Қонағым көңiлденсе жай табамын.
Махамбеттей өзiңе қайрат берiп,
Сырымдай шешен етiп қайтарамын.
Көрген мен бiлгенiңдi байыптағасын,
Өзiң-ақ өнерiмнiң айт бағасын.
Ал ендi мына халық не дер бiзге,
Ел жайлы бiр ауыз сөз айтпағасын?
Заманнан түңiлмелiк, суынбалық,
Бiз де сол уақыттан туындадық.
Адам ата, Хауа ана жаралғалы
Қойдан қоңыр емес пе бiздiң халық?
Атымтай жомарт сынды қазағымды
Қыспаққа алып отыр бүгiн нарық.
Замана түлкi болып құбылғанмен,
Бiз, сiрә, тазы болып туылмадық.
Қайтемiз қайта-қайта шулап ендi,
Қалайша Абай, Мұхтар тумақ ендi?
Төсiнде құс сайраған, мал айдаған
Тулақтай тоздырдық па туған жердi?
Кей кезде Алдар көсе секiлденiп,
Болуға Қожанасыр тура келдi.
Кездесiп қиындықтың орманына,
Қазағым тағы батты сорға мына.
Бiр кезде Жәнiбекке Асан қайғы
Көл бедерi кетер деп болжады ма?
Бiр кезде Абылайға Бұхар жырау
Бетке айтып, елдің жайын толғады ма?
Қаңғыған бұл заманда көше кезiп,
Адам мен ит тағдырлас болғаны ма?
Жұлдыздар жанар шақта жана алмай жүр,
Табаны тиген тұлпар шаба алмай жүр.
«Адам басы – Алланың добы» деген,
Кей бастар өз иығын таба алмай жүр.
Сырын бiз тыныштықтың ұғамыз ба,
Бұлақтай бастауынан тұнамыз ба?
Бұл кезде тiл сайрамай, пұл сайраған,
Болашақ ұрпақ сенбес бұл аңызға.
Iшiнен «Мың бiр түннiң» нарық деген
Адам боп, не перi боп шығамыз да!
Аманжол:
Сұлусың тереңнен сыр шертетiндей,
Бiр сөзiң бiр ғасырға жететiндей.
Жiбектiң бес саусағы тимеген соң,
Шытынап шыны құман кететiндей.
Қазақтың таныса да затын ғалам,
Жоқтықтан үрейленiп жатыр далам.
Шегiрден қалғаныңды шетел алды,
Жұртым-ау, немiз қалды сатылмаған?!
Бiрi кеп сатып алды темiрiңдi,
Бiрi кеп сатып алды көмiрiңдi.
Барасың, Қазақ елi, қайда кетiп,
Өзгеге жетектетiп өмiрiңдi?!
Халықты қағып қойып арқасынан,
Жатқысы келедi әркiм шалқасынан.
Шетелден келiп жатқан инвестиция
Аспайды шендiлердiң қалтасынан.
Нар болып көш бастасын бозтайлағың,
Көтерiп көкке биiк көк байрағын.
Түбiнде қазақ мықты бола алмайды,
Жарқырап шықпайынша өз байларың.
Жерi бай ел болсаң да, даласы тоқ,
Қалтаңа басқан пұлдың бағасы жоқ.
Шендiлер шетелдерде емделедi,
Ауылдың дәрi алатын шамасы жоқ.
Елiмнiң бiрлiк едi таңдағаны,
Баспасын қара түнек паң даланы.
Көп болды ауылдағы оқырмандар
Қолына газет-журнал алмағалы.
Өтсе де замананың ақтабаны,
Өмiрдiң жұмбақ болды мақтағаны.
Көп болды ауылдағы дархан халық
Қуатын электрдiң жақпағалы.
Сөйлейтiн тереңiнен оқталғасын,
Керуенi өр Алаштың тоқталмасын.
Ашқаны қарынының ештеңе емес,
Рухани ашаршылық боп қалмасын!
Жiбек:
Бiр заман қыздарының арын жұтып,
Бiр заман халқымыздың зарын жұтып,
Кешегi Желтоқсан да кетпедi ме
Желбiреген жастардың қанын жұтып.
Замандар ала құйын өтiп жатыр,
Әйтеуiр шоқ түсiрiп, жалын жұтып!
Бұйрықтан адам әсте аса алмайды,
Бұйрықсыз аяғын да баса алмайды.
Әйтеуiр жоңғар шапты, қалмақ шапты,
Арылды басымыздан қашан қайғы?!
Таба алмай жерұйықтай жұмақ мекен,
Өттi ғой күңiренiп Асан қайғы.
Кiм қарсы тұра алады келген оққа,
Әр заман өз пендесiн жеңген жоқ па?!
Жәңгiрден жылу таппай Махамбет те,
Соңынан Исатайдың ерген жоқ па?!
Жалғаннан жан таба алмай сырласатын,
Қоштасып қызғыш құспен өлген жоқ па?!
Бозторғай туған жерде самғайды ма,
Бедесiн, бетегесiн таңдайды ма.
Жайықтың жаны жайсаң қариялары
Өлеңдi құйып берген таңдайыма.
Қазағым, дiн аман боп жүрiңдершi,
Мойымай қиындықтың қандайына.
Сендердiң табаныңа кiрген шөңге
Қадалсын менiң мына маңдайыма!
Аманжол:
Қазағым, қайда жүрсем қасымдасың,
Сен барда серт – бастан сөз асырмасым.
Қазаққа бақыт қонар деп тiлейiн,
Есiгi жас ғасырдың ашылғасын.
Болмайды азат күнде заман ғаріп,
Ес жидық жоңғардан да аман қалып.
Ол рас, жерұйыққа жеткізем деп,
Жол шеккен Асан қайғы табан талып.
Мың өліп, мың тірілген қайран жұртым,
Тәуелсіз халық болдың, бағаңды алып.
Бағыңды баянды етсін сенің де Алла,
Үмітің алып шығар сенімді алға.
Шөңгелер маңдайыңа қадалмайды,
Мен барда, қазақ деген елің барда.
Жiбек:
Домбыра күйге келер бұрағасын,
Жас шығар соқыр көзден бұлағасын.
Елiмнiң шаңырағы биiк болып,
Iшiнде жас сәбилер жыламасын.
Жәнiбек, Керей хандар салып кеткен
Ошағы қазағымның құламасын!
Қыз едiм үлкендерден сый алатын,
Өлеңдi артық кетпей, тыя алатын.
Аманжол, ардақтаған ағам едiң,
Алдыңды кесуге де ұялатын.
Көбiрек мақтағанмен қарындасты,
Бәйгенi түрiң жоқ қой қия алатын.
Аманжол:
Мен жалғыз қарындассыз қыр асам ба,
Аруға бақ тiледiм құба таңда.
Жiбек қыз, бiр басыңа қияр едiм,
Арқаның тең жартысын сұрасаң да.
Жiбек:
Атымтай ер болған жоқ атақ үшiн,
Ақтардай азамат ең ата күшiн.
Шынымен, Сарыарқаның тең жартысын
Қиналамай бiр қыз үшiн сатамысың?!
Аманжол:
Көңiлiнде бұла қыздың шер болар ма,
Мырзалық танытпаса ер болар ма?
Еркелеп ел шетiне сұлу келсе,
Бiр шетiн бөле алмаса, ел болар ма?
Жiбек қыз, көзiмдi анық байлауыңа,
Ризамын сандуғаштай сайрауыңа.
Арқаның құлан жортқан құба белi
Айналсын Жiбек қыздың жайлауына




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу