Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  114


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тәнім – суық, жүрек – мұз...

Тәнім – суық, жүрек – мұз,
Дәтің жетсе, дір еткіз...
Қараңғы мен жарықты
Қақ айырып, түлеппіз.
Жарық деген қас-қағым,
Таға алмаспыз басқа мін.
Таң шапағы біліне
Балқитындай тас-тәнім.
Түнді кездім… кімді іздеп,
Сусып кеттің Күндіз боп.
Сәлем айтсаң нең кетер,
Аман-есен жүрміз деп.
Жолықпақ ем, күндіз кеп,
Түнге сіңдің Жұлдыз боп,
Налимыз ба Тәңірге,
Қабыспайтын Мұңбыз деп…
Жарықтың да шері бар,
Қараңғылық нені ұғар.
Тоғысар бір түбінде,
Тоғысудың жолы бар…


Жарық – сен бе ең дерексіз,
Қараңғы – Мен… керексіз.
…Тәңір-ием, үкімді
Шығарасыз не деп Сіз?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу