Өлеңдер ✍️

  01.09.2022
  92


Автор: Жанат Әскербекқызы

Мына қала – сұп-суық, сұрғылт қала...

Мына қала –
Сұп-суық, сұрғылт қала,
Сен кезіктің бір кеште... жым-жырт дала.
Бұлт боп маңып келдің де алабұртып,
Бұлт боп қайта жөнелдің сырғып қана.
Мына қала –
Мұз қала, сезімі жоқ,
Сезімі жоқ болса да, сезігі көп.
Қала берді өлең-қыз жолға салып,
Жаны жылап, жүрегі, өзі жүдеп.
Мына қала -
Сұп-суық дәл өзіңдей,
Ызғарлы жел, суық түн – бәрі өзіңдей.
Аз-ақ сәтке армансыз алдап алып,
Жайраң қағып тұратын жаны езілмей.
Мына қала –
Сұм қала, аяр қала.
Мен қалайын, сен кетші, аялдама.
Мұздай болып мүсінге айналғанда
Алатұғын жылытып саяң ғана...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу