Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  60


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Атыңды сенiң өшiрiп едiм

Атыңды сенiң өшiрiп едiм,
Тақырыбынан жырымның,
Мың тақырып боп,
Асылым менiң,
Кеудемде қайта тiрiлдiң.
Өзiңдi мәңгi ұмытсам дегем,
Ұмытқаннан соң сен менi.
Жүректi тас қып құлыптамақ ем,
Қолымнан ол да келмедi.
Ұмытсам деп ем
Бұрымыңды да,
Көбелек қонған ұшына,
Ұмытсам деп ем қылығыңды да,
Жымиып күлер қысыла.
Сезiм мен ойдың ара салмағы
Нелiктен бұлай бұзылды?
Кейде мен
Қайда қарасам дағы
Көремiн сенiң жүзiңдi.
Сонау бiр жылы
Бақта ұрлана
Сүйiсiп келiп басқамен,
Суретiң, тiптi хаттарыңды да,
Паршалап жыртып тастап ем.
Бағаңды түбi сездiрерiңдi
Кеш бiлдiм,
Ендi бөтенмiн...
Байқамай сонда өз жүрегiмдi
Паршалап жыртқан екенмiн...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу