Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  63


Автор: Ұлықбек Есдәулет

СЕН МЕНI IЗДЕДIҢ БЕ?

Сен менi iздедiң бе, –
Күн алғаш күркiрегенде,
Ақ жаңбыр сiркiрегенде.
Қара бұлт қанатынан от жарқылдап,
Көзiңе нұр түнегенде?
Сол бiр күн есiңде ме? –
Аспанның астауында
Қара бұлт қайнап едi ғой.
Найзағай жарқылдағанда
Жанарың жайнап едi ғой.
Өрмегi ұяңдықтың
Қолымызды байлап едi ғой.
Кенеттен күрсiнiп аспан
Төбеден күркiреп төнген,
Ақ жаңбыр сiркiреп берген.
Бұлттардың қанатына сабаланып,
Екеумiз қайың түбiн паналадық.
Мен сонда көздерiңнен
Қорыққан сыңай көрдiм.
Өзгесiн сезбедiм мен, –
Құшағыма, өйткенi, құлай бердiң.
Сол жерге жиi барам,
Өзiңдi сұрайтындай,
Ақ қайың құшағыма,
Сен болып құлайтындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу