Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  71


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тас кеудесін жарып шыққан гүл-өмір...

Тас кеудесін жарып шыққан гүл-өмір,
Ғұмыр қысқа, түйсіне біл, күле біл.
Қауызында ізгіліктен нәр тұнып,
Қабағыңа қарап тұрсын мына өңір.


Тастарды артып ғасыр - мая көшеді,
Аңыздарға құлақ түрсем кешегі,
Тағдырына қапа болған келіншек
Тасқа айналып кеткен екен деседі.
Тас - мізбақпас, таға алмайсың басқа мін,
Қызынады... суынады... қас-қағым,
Жүрек қаны, көздің жасы, тәйірі-ай,
Жуындырар ауық-ауық тас тәнін.
Ризығын таспен тауып жеп бабам,
Тас-дәуірден хас дәуірге жетті адам.
Тасты жарып көктеген гүл баяғы
Бір мүңлықтың жүрегі ме деп қалам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу