Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  93


Автор: Жанат Әскербекқызы

Естіртіп ем жүрегімнің зар-үнін...

Естіртіп ем жүрегімнің зар-үнін,
Қарқылдап кеп күлді дерсің Тәңірім.
Үркек үміт үркіп кетіп күлкіден,
Көңіл көгін торлап алды тағы мұң.
Күштілерге күлкі қылған тағдыр-ай,
Қапалы күн күзетуде қалғымай.
Жүрегі - тас, сезімі - тас, жаны - тас,
Тұғырында тас боп қатқан бар Құдай.
Көзді жанды көрем бе деп көшеден,
Көшелерге із тастадым неше мен.
Қалтарыстан қабақ шытып қарайды,
Сұрғылт өңді менің сорлы пешенем.
Көптің бірі болғаным да жөн екен,
Сезім - құнсыз, бейшараға тең екем.
Жетесіздің жетесіне жетпеген,
Бұл жалғаннан жаным өксіп мен өтем.


Мендік бақыт меңіреуге байланған,
Мезі болдым ми қажаған ойлардан.
Мұнарлы мұң құшағында сезімім,
Сәт бар ма екен туғызатын айды алдан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу