Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  52


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сүріндім жүрер жолдан...

Сүріндім жүрер жолдан сан жаңылып,
Сағым боп мұнартады алдан үміт.
Сенделдім сеніміме ілесе алмай
Абайсыз кете ме деп жарға жығып.
Тірлік сұм, ажал неткен кекшіл еді,
Бәрібір жеңемін деп тепсінеді.
Жол тосқан Батыраштың сойылынан
Құлагер, аман алып өтші мені.
Кетуде он екі айды жыл бөктеріп,
Желігіп көрдім мен де дүрмекке еріп.
Несіне алабұртып асыққанбыз,
Ертеңнің егде екенін білмеп пе едік?!
Зәрлі ызғар көңілімнің үзді гүлін,
Мойындай алармын ба күзді бүгін.
Бұлдырап көз ұшында жоғалады,
Қылт еткен қызғалдақтай қыз ғұмырым.
Алдамшы жалған сұмға сенем келіп,
Кетеді-ау, неғылайын, менен де ерік.
Санамды сарықтырды бір сағыныш,
Өксимін сол мұңымды өлеңге өріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу