Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  124


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АУЫЛ МЕН ҚАЛА

Ауылдың бәрiн ертең бiз
Айналдырамыз қалаға.
Қора-қопсыны өртермiз,
Ескiнi құртпай бола ма?!.
Қалалық болып төрт түлiк,
Зауытта баптап бағылар.
Түсiне жайлау, шөп кiрiп,
Малшысын, мүмкiн, сағынар.
Адам ше...
Адам берiк қой,
Ауылды қайтсын сағынып?
Техникаға жерiк қой
Сонымен жүрер сабылып.
Киiз үй көрсек музейде
Аспаннан түсе қалғансып:
«Тұрды-ау деп сондай үйлерде
Айтар ма екенбiз мардамсып.
Бiр кезде бiреу
Әрең деп
Архивке көп жыл қадалып,
«Болыпты қымыз деген» деп,
Ашатын шығар жаңалық.
Ол кезде, бәлкiм, айналар
Жер-көктiң бәрi қалаға.
Кейбiреу, мүмкiн, ойланар
Кездесiп жұпар далаға.
Қыр желi сүйiп бетiнен
Айтар ол келiп қауымға.
«Қаланы ендi шетiнен
Айналдырсақ, – деп, – ауылға!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу