Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  50


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЫР ҮШIН

«Жыр үшiн,
Жыр үшiн мен жаратылғам,
Жанарым Парнас жаққа қаратылған.
Iлияс, Қасымдардың қалқасынан
Көрiнбес көген көзге дара тұлғам,
Бәрiбiр, жыр үшiн мен жаратылғам.
Келмеппiн бұл өмiрге шайқау үшiн,
Келiппiн сұлулықты байқау үшiн.
Әзiрге ештеңем жоқ мақтанарлық.
Жұртымды жарылқапты қай табысым?..
Бәрiбiр, менi ақын деп айтары шын...»
«Аптықпа,
Сап-сап, ақын, демiңдi бас,
Ғұмырың жыр жолына берiлдi рас.
Кәрiге зейнет құрлы жәрдемi жоқ,
Сөздерiң кiмге дауа сенiң құлаш?
Аптықпа,
Сап-сап, ақын, демiңдi бас.
Құрғақ сөз – кiлем емес – төсегенiң,
Бiреуге пайдалы ма осы өлеңiң?..»
«Жырыма тағдырымды тапсырғанмын,
Өлеңiм өлсе өзiм де қоса өлемiн.
Жығылдым жазғанына пешененiң!..»
«Алдыңда көп қой әлi ашар кенiң,
Ақын-ау, жығылатын нашар ма едiң?
Алайда кеспе жолын,
Озар болса,
Өзiңнен әлдеқайда жас әлдекiм,
Жүйрiктiң жолын кесер нашар ма едiң?..
Қаймағын сезiмiңнiң сүз дегендей,
Шөлiркеп жырларыңа тұз жегендей.
Жырыңды жұртың iздеп жүрсе деймiн,
Дефицит дәрiлердi iздегендей!»
...Басқа арман болар едi бiзде нендей?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу