Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЫЛДАМДЫҚ НЕМЕСЕ МОТОЦИКЛ МIНГЕН ЕКЕУ

Үш аяқ мотоциклдiң
Көсiгiнде бала отыр,
Бесiгiнде шал отыр.
Тiзгiндегi ұлы мәз,
Шалдың шыбын жаны отыр.
Мотоцикл зулайды,
Жел құлақта шулайды.
Долы желдiң екпiнi
Шалдың көзiн сулайды.
– Өлтiремiсiң, апыр-рым,
Ақырын жүр, ақырын!
– Ақырын жүрiп келемiз,
Жылдамдық – жүз-ақ шақырым!
Бала газды басады,
Шал шошынып сасады.
Дөңгелектiң астынан
Жол зымырап қашады.
– Жындандың ба, немене,
Жай жүр, өлгiң келе ме?
Бала күлер қарқылдап,
Шал қушияр қалтылдап...
Жас кезiнде жүйрiкпен,
Қасқыр қуып шүйлiккен,
Желден озған мына атай,
Үрейлендi-ау, ұят-ай!
Жас көңiлдi тасытқан,
Қарт көңiлдi жасытқан
Жылдамдықтың қуаты-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу