Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  92


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Бiр адам өттi өмiрден...

Бiр адам өттi өмiрден,
Бiр үмiт сөндi көңiлден.
Бiр жұлдыз ақты көгiмнен,
Кеуденi қайғы кемiрген.
Бiр ағыс солай тоқтады,
Сөндi бiр өмiр шақпағы.
Маңдайы тасқа тiрелiп
Өштi бiр ғұмыр соқпағы.
Базарын бастан өткерген
Бiр сапар солай шектелген.
Қабiрiн оның жапты кеп
Үзiлген гүлдер бөктерден.
Тамшыдай бұлттан ыршыған
Жалғыз-ақ жүрек тыншыған.
Бiрақ сол жалғыз жүректе
Кеттi ғой талай сыршыл ән.
Тыншыған жүрек...
Оны әлi
Жоқтайды жұрты қаралы.
Осы бiр отты дәптердiң
Оқылмай қалды-ау парағы.
Айтылмай кеттi көп арман,
Айта алмас оны көк орман.
Құлпытас та оны айта алмас
Қаралы гүлге оранған...
Айтылмай кеттi көп арман...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу