Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  77


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚЫРКҮЙЕК ҚАРЫ

Беймезгiл тұмшаланып таулар тұман
Аспанда ақкөбелек қар қалқыған.
Ызғырық ыдыратып сол тұманды
Сабалап жапалақ қар жауды артынан.
Бөктерде бой түзеген боз теректiң
Суық жел сумаңдады алды-артынан.
Жұп-жұқа қабығына қар жабысқан
Жас терек жел жұлқыса сәл майысқан.
Бұрымнан сауылдаған шолпыдайын
Жап-жасыл жапырағы саулап ұшқан.
Терекке қарап тұрмын арыла алмай
Бойдағы алай-дүлей толғаныстан.
Сумақай суық желдi көзге iлмеген,
Терекке ұқсас екем, сездiң бе, мен?!
Алаңсыз көңiлiме күйе жағып
Менiң де алды-артымнан сөз гулеген.
...Қараймын терiм сүрткен шаршы шытқа
Ақ дүние кiршең ғой – тез кiрлеген...
Тәйiрi, тазартармын күнi ертең-ақ
Толқынды дарияға мезгiл деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу