Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  57


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫН

Отты аспан гүрiлдейдi
Тұяқтар дүбiрлейдi,
Таулар селкiлдейдi,
Баулар желкiлдейдi.
Жерде де емес,
Көкте де емес,
Шабыттанған ақынның кеудесiнде!
Ол – жебе
Зымырайды ғасырдың кермесiнде.
Ол – қазiр күй
Безiлдейдi әлемнiң пернесiнде.
Ол – құдiрет!
Бүкiл дүние тек соның уысында!
Ешкiм, сiрә, жеттi ме екен
Мұндай билiкке тумысында!
Оның кеудесiнде долы боран бар,
Өз бұйрығына да шаққа бұрылған.
Оның кеудесiнде ащы ойға толы ән бар
Дайын тұрған ақтарылуға.
Оның кеудесiнде жүрек емес –
Жұмыр жер бар,
Бұлқыныстар, дiрiлдер бар,
Оның кеудесiнде түнек емес –
Бар жүрекке от тiлеген жалындар бар,
Көлеңкелердi кескiлеген сағымдар бар.
Түйдек-түйдек көш тiлеген,
Кiдiрудi бiлмеген, естiмеген,
Арналарын тепкiлеген,
Аппақ нұр – ағындар бар.
Ол толғанады,
өзiне емес, әлемге бақыт тiлеп.
Айқай салғысы келедi,
көз оттары мол жанады:
«Ақ жүректерге ғашықпын», – деп.
Лаулайды,өртенедi,
Ұялады, жеркенедi
Иiсi адам қалдырған күнәлардан.
Ол адамдықты аңсайды!
Сол үшiн тырбанады,
Қиналады, шаршайды,
Көз алдында сондықтан да
Күнәдан пәк ертеңi тұра қалған.
Отты аспан гүрiлдейдi,
Тұяқтар дүбiрлейдi,
Таулар селкiлдейдi,
Баулар желкiлдейдi.
Жерде де емес,
Көкте де емес,
Шабыттанған ақынның кеудесiнде.
Бүкiл әлемнiң қақтығысы бар
Оның кiп-кiшкентай бөлмесiнде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу