Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  109


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Ымыртта, ызғын қолатта

Ымыртта, ызғын қолатта
Ырдуан арба ырғалып,
Қопаңдап қойып қорапта
Ылдимен үйге құлдадық.
Екеуімiз – атам және мен,
Елеусiз ғана келемiз.
Ен дала төсi – қараөлең,
Елтидi желге денемiз.
Қыр үстiн өртеп отымен,
Қырмызы жүзбен күн батты.
Қызыға қарап отыр ем,
Қайырылып атам тiл қатты:
«Батысқа, балам, қызықпа,
Батқан күн – бiздiң күнiмiз,
Көкжиек деген сызыққа
Сiңгенше ғана тiрiмiз.
Уақыт зулап улы оқтай,
Уатып өтер төзiмдi.
Сондықтан, балам, күн батпай,
Айтып қал айтар сөзiңдi», –
Дедi де демi дiрiлдеп,
Демiгiп маған қарады.
Батқан күн нұры бiрiндеп
Көзiнен балқып тарады.
Қарашығында мұң тұрды,
Аядым қартты құнысқан.
Қайырылып артқа күрсiндi
Таң iздегендей Шығыстан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу