Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  428


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Он алты жас

Өз демiне өртенген он алты жас,
Көз жетпейтiн биiкке созар құлаш.
Кеудесiне жүрегi сыйып-сыймай,
Қызды көрсе қалтырап болар тыраш,
Беу, он алты жас!
Естiгенде жүректiң ыстық үнiн,
Сол он алтым есiме түстi бүгiн.
Айдағаның бес ешкi болғанымен
Жер жаратын едi ғой ысқырығың,
Ох, он алты жас!
Маған да бiр он алты кез келiп тұр,
Ойсыз тауда орғыған өзге елiк бiр.
Тiлiң жетпей тұрса да тiлегiң көп,
Айтарыңды аянбай көзбен ұқтыр.
Шіркін, он алты!..
Елiк те емес, елiктiң ерке лағы,
Мөлт-мөлт етiп көзiнде шер тұнады.
Он алтының орманы адастырар,
Қамшылама, Кендебай, керқұланы.
Қайран он алты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу