Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  280


Автор: Жанат Әскербекқызы

Керең шыңға қараумен жан жүдетем...

Керең шыңға қараумен жан жүдетем,
Белін буып төбелер алды бекем.
Ғасыр шері айналып қара тасқа
Кеудесінде таулардың қалды ма екен...
Биігінде жаңғырып тұрар күлкім,
Аспаным – бұлт, байқасам тұман жұртым.
Тас болған шер алып тау күрсінгенде
Жер-әлемді сілкінтіп құлар бір күн.
Жаны жасып, мұңайып, тәні күлген
Шерлі таудан өзімді таныдым мен.
Талай ғасыр дертінен айыға алмай,
Кеткен екен бұл күнде сәні мүлдем...
Тамырында бұлқынып, бұлақ тулап,
Тас жүрегін жібітіп, гүл аттырмақ,
Сыпсың желге елітіп, елпілдеген
Сөз-тірлікті мына тау құлаққа ұрмақ.
Ауыр ойдан келбеті мұнарланып,
Табандағы тірлікке тұрар налып,
Ащы өксігі иегін кемсеңдеткен
Бір күндері кеудесін шығар жарып.
Қауышқанда көктеммен егілер бір,
Сыз-бауырын қытықтап, желігер гүл.
Мұң құрсанған жарықтық бір бусанар –
Сонда менің жанымнан төгілер жыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу