Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  195


Автор: Жанат Әскербекқызы

Пендеге ғашық пешенем...

Пендеге ғашық пешенем
Перінің қызы екенмін.
Көгеріп мұңмен көсегем,
Көңілімді жүдеу етермін.
Тұрағым аспан секілді,
Адасып жүрмін жер басып.
Болғанда шама екінді
Кетемін қоңыр белді асып.
Көк мұнар тауға шығып ап,
Созамын көкке қолымды.
Құпия аспан шын ұнап,
Іздеймін содан жолымды.
Жұлдыз боп түнгі шырақтар
Тұрғандай маған жол сілтеп,
Екенмін қайда тұрақтар,
Арманым аман болсын тек.
Қылығым ерсі пендеге,
Сыр ұғып жатқан қайсы бар,
Қасірет көп-ау менде де,
Қайсысы біліп жай сұрар.
Жалғыздық қажап жанымды,
Жапанда жүріп боздаймын.
Қалдырып жерге тәнімді
Қаңғырып кете жаздаймын.
Пері емей енді немене,
Пенде ішіндегі саяқпын.
Өзгелеу ой сап өреме
Несіне, Аллам, жараттың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу