Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  46


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тұнжырар түннің түйіліп қабағы...

Тұнжырар түннің түйіліп қабағы,
Қиық ай көктен қиылып қарады.
Тұңғиық әлем қобыз шалғанда,
Қаралы қайың күй іліп қалады.
Бұлғайды терек қара бұтағын,
Шақырып тұр ма налалы таңын.
Түннің қойнына сәтке болса да,
Жасырар өмір жаралы тәнін.


Бойымды былғап күйелі күнге,
Табынам үнсіз киелі түнге.
Бір зұлмат сұмдық бұғынып отыр –
Қаһары тағы тиеді кімге...
Тұншыққан дүние түңіле күлді,
Төсін сүйеу қып мұңым егілді.
Тазы-тағдырға шалдырмай келіп,
Түлкі-тірлік те ініне кірді.
Жанымды ұғар жанашырым ба,
Шүпілдер көктің шарасы мұңға.
Тірі жан сезбес сыр тұнып тұр-ау,
Қаракөз түннің қарашығында.
Қиық ай көктен қиылып қарады,
Қысқа ғұмырға күйініп қалады.
Түннің қойнынан сытылған өмір,
Қырық шілтенге сыйынып барады....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу