Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  60


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тұңғиық көзді тымық түн...

Тұңғиық көзді тымық түн,
Тұңғиығыңа тұныппын.
Жұлдыздай жанып көгіңде
Жым-жылас саған сіңіппін.
Үн қатып өзен тілімен,
Толқын боп бір сәт жүгірем.
Жанымды менің ұғын деп,
Жағаға келіп жүгінем.
Ай болып жерге үңілем,
Жүзіме сосын мұң ілем,
Бебеулеп желдей шыдамсыз,
Теректей сосын бүгілем.
Қабарып шыңдар қалғиды,
Түс көріп тұр-ау сан қилы.
Балбырап бала-шыбықтар,
Қалт етпей қайың аңдиды.


Баяу да баяу тіршілік,
Тұңғиыққа тұр тұншығып.
Ұйқысыраған арманым
Оянбақ болар құлшынып.
Қиялға беріп бір ерік,
Қиянға қоям жіберіп
Тұндырып тылсым-кеудені,
Түн кезіп жүрмін... түнеріп,
... Менімен бірге жүр еріп...



1995 жыл, Өскемен 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу