Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  54


Автор: Жанат Әскербекқызы

Жошыны жұтқан Шыңғыстай...

Жошыны жұтқан Шыңғыстай
Өлтіріп алдым өлеңді.
Ақыретке дейін мұң құспай
Жүре алмаспын-ау мен енді.
Көз жасымменен тізген ем,
Мөлтілдетіп-ақ әр жолын.
Сәтімде бүгін іздеген
Қаңқасы ғана қалды оның.
Күйбең тірлікке құрбандық
Болып кетті ме шынымен…
Қалғанда үнсіз шың қалғып,
Үгіліп шығам түнімен.
Өлтіріп алдым өзімді –
Естіртер жанға жазам бар.
Бейшара сезім көз ілді,
Шабытым қайда азандар?!
Өкініш өртеп өзекті,
Шыңғыстай аласұрдым мен.
Дүние шіркін кезек-ті,
Түбі қайтеді, кім білген…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу