Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  49


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сен сыңсытқан күйге егілем...

Сен сыңсытқан күйге егілем,
Неткен нәзік, күйреуік ең,
Үлбірейсің үнсіз ғана
Ақындардың сүйгені ме ең...
гүл...
Жүрегі ақын ер егілген,
Сезіміне сенемін мен.
Көзі қиып, сүйе алмаған
Айналайын желегіңнен,
гүл...
Сен де нәзік, мен де нәзік,
Емеспіз ғой жерге қазық,
Дірілдейміз ғұмыр-баба
шертіп тұрған шерге қажып
гүл...
Көктем келсе... тірілеміз,
Көктем өте үгілеміз.
Қара жерден... пенделерден,
Мейір сұрап бүгілеміз...
гүл...
Құлпырғанда құмар бәрі,
Құмарлықтан жыр арнады.
Құйын-тағдыр үйіргенде
Бірі қорғап тұра алмады.
Пәк желекте нала қалып,
Жазықсыздан жараланып,
Тұрған шақта кеудесіне
Кетсе біреу қадап алып.
Риза едік... гүл...
Қызыл болып, сары болып,
Пәк сезімнің нәрі болып
Нала-тірлік налытқанда
Жүректерді қарып... өліп


кетеміз-ау,
гүл.
Сен сыңсытқан күйге егілем,
Егілмеуге үйреніп ем.
Үзе алмаған, құша алмаған
Ақындардың сүйгені ме ең...
гүл... гүл... гүл...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу