Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  68


Автор: Жанат Әскербекқызы

Анығырақ көрмек едім ай меңін...

...Бәрі де баяғының садағасы...
Оралхан Бөкей



Анығырақ көрмек едім ай меңін,
Қырау шалды тереземнің әйнегін.
Жат денеге көз қадаған немді алған,
Теңбіл міннен сау болып тұр қай жерім?!
Байқап қалып көңілімінің жыртығын,
Мазақ қылып жылтыңдатты түн тілін.
Көк түбіне кек лақтырған кесектеп,
Қарашақты қамалады кірпігім.
Шашын жұлып жел долданды, жер үнсіз,
Қарауытып тау қарайды көңілсіз.
Кеңістіктің кетігінде мен тұрмын,
Төсек салқын, бөлме суық, көгім – сыз.
Түн ыңылдар еске оралып, өз әні,
Ай шаршаулы, жұмылған жоқ көз әлі.
Соған жақын мазасы жоқ әнеу бір,
Жұлдыз күліп, қолын маған созады.
Желге мініп, желіп кетті бір жұлдыз,
Аспан төсін шимайлайды кіл мұңды із.
... Бәрі қалар баяғыға бодан боп –
Бейопа түн, беймаза жел, бұлдыр күз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу