Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  60


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сортаңға өскен сорлы гүл...

Сортаңға өскен сорлы гүл,
Желіге көрме жөнді біл.
Тамырыңменен қопарар
Теңселер болсаң енді бір.
Шеріңді кімге бұлдайсың,
Жайыңа неге тұрмайсың.
Алданбай аяр шуаққа,
Ажалға бетің бұрғайсың.
Оң шырай беріп оңыңа,
Сол шырай беріп солыңа.
Өзектес қылма өзгені
Маңдайға біткен сорыңа.
Өзіңше оқшау өмірсің,
Қайғыдан қауыз сөгілсін.
Сабағың зарға тұншығып,


Өксігің жерге көмілсін.
Сыпсықай желге сыр берме,
Табалай жүрер бір жерде.
Жағыңның ашпа кірісін
Жалпуыштанған күндерге.
Сортаңға біттің, сорлы гүл,
Жүдей түс, жүде... жөнді біл.
Бір қайтқан бағың оралмас,
Сыйламас Тәңір оң ғұмыр,
...Сортаңға біткен сорлы гүл...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу