Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  151


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сарғалдақ – көңіл желпілдеп...

Сарғалдақ – көңіл желпілдеп,
Сана түбінде сарыққан.
Сағыныш шіркін мөлтілдеп,
Қарашығымда қамыққан.
Ақ кебін қарға тұншығып,
Тамыры суып қыр жатыр.
Қаңтарға қылып құлшылық,
Қабаған боран қырда тұр.
Көктемді күткен көп терек,
Көздерін ашпай мүлгиді.
Қазымыр қысқа өкпелеп,
Көңілсіз күндер сырғиды.
Қаңтарда болдың қапалы,
Сарғалдақ түстес сағыныш.
Уайымың жанға батады
Сүлесоқ сезім... сабылыс...
Терезем бұлтты, мұңлы аспан,
Сағынышымның жанары Ол!
Сақтаушы ием сырды ашқан,
Ақпаннан аман қала гөр!
Қайтеміз қысқа қасарып,
Қабағын ашпас қарлы әлем.
Қаңтарда көзге жас алып,
Жылу іздеген арман ем.
Қар кетер еріп, өшер мұң,
Сезімге несін еліттік.
Сарғалдақ гүлге көшермін,
Сағынышымды серік қып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу