Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  91


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ерек тұлға емес ем елдегі ірі

Иттен де қалған, құстан да қалған,
Көңілім менің, көңілім!
Жұматай.



Ерек тұлға емес ем елдегі ірі,
Желік-күннің ұшыпты желге мұңы.
Иттен, құстан көңілі қалып жүрген,
Бағы кемдеу ақынның мен де бірі.
Осал тұсын жанымның сезеді жұрт,
Сүйенгенім – тұл-терек, өзегі құрт.
Жауа да алмай, ауа алмай басы айналып,
Мұнар шалған көгімді кезеді бұлт.
Күңіренген көңіл-ай, көрді қалар,
Шыланып жүр түнекке шерлі жанар.
Күдік-ажал жол кескен менің халім –
Қарабайға кезіккен сорлы марал.
Бір тәңірім көрмесе хал сұрар кім,
Кезелген оқ кезіне қарсы бардым.
Қара-қызыл дақ салып қыр төсіне,
Құла түзде қанша күн қансырармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу